Ұшақтағы ең қауіпсіз орындар анықталды

Ұшақтағы ең қауіпсіз орындар анықталды
Фото: Mamaplus.MD

Ұшақ - заманында адамзат ойлап тапқан ең керемет көліктердің бірегейі. Қазіргі таңда адам тасымалы бойынша ең жылдам көлік түрі де осы - ұшақтар екені белгілі. Бірақ кез келген көліктің орасан пайдасымен қатар, қаупі де болатыны түсінікті. Сондықтан да ұшақ қауіпсіздігі жөніндегі мамандар осы жолда біраз тер төкті.

Жақында сол мамандар ұшақ қауіпсіздігіне арналған ең қымбат креш-тестердің бірін жасады. Мақсат - ұшақтағы ең қауіпсіз орынды анықтау. Ол үшін американдық мамандар АҚШ пен Мексика шекарасында орналасқан Сонора шөлінде ерекше сынақ өткізді. Атап айтсақ, ескірген Боинг 727 ұшағын адамдар орнына микрочиптер орнатылған маникендермен толтырды. Одан соң құмды аймаққа дейін ұшақты ұшқыш басқарып келді. Кейін белгіленген орынға жеткеннен кейін ұшқыш парашютпен секіріп, ұшақты қашықтан басқаратын басқа бір ұшаққа тастап кетті. Осылайша Боинг 727 Сонора шөліне зымырап келіп, құм үстіне құлап түсті.

Бұл эксперименттің құны 1,5 млн. долларға шықты. Жүйткіген ұшақ құм бетіне 250 км/сағ жылдамдықпен келіп соғылды. Яғни бұл жылдамдықта адамның аман қалуы екіталай екен.

Эксперимент барысында анықталған ең басты жәйт мынау: ұшақтың жермен жанасу кезіндегі басты соққы тұмсық жаққа берілетіндігі. Сондықтан ең басты қауіп басқару кабинасынан кейін орналасқан бизнес-класс жолаушылары мен басқарушы пилоттарға қатысты болып отыр. Ал құйрық жақтағы эконом-класс жолаушыларының аман қалу мүмкіндігі аталғандарға қарағанда көбірек екен.

Осы Боингтің креш-тестік эксперименті қорытындыларына байланысты сарапшылар мынадай кеңес береді: егер сізге әуе қозғалысы кезіндегі жайлылық маңызға ие болмаса, онда сіз үшін ең қауіпсіз жол - қосымша есікке бір табан жақын эконом-кластағы орындар.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Б. Қосмағамбет