Тастар көші – таңдай қақтырады...

Тастар көші – таңдай қақтырады...

АҚШ-тың Калифорния штатында Рейстрэк-Плайя атты өзен бар. Өзен толығымен шөлге айналған. Онда тіпті өсімдік атаулы да жоқ. Бірақ ең қызығы – сол шыңыраулы тереңде 30 келіге тартатын тастар бар. Бұл тастар уақыт өткен сайын соңынан із қалдыра көшетін қасиетке ие.

Тастардың жүруіне байланысты көптеген аңыз-әңгімелер бар. Оның көбі белгісіз бір құбылысқа байланысты немесе мистикалық сарындағы әңгімелер. Ал ХХ ғасырдың басында ғалымдар мұның себебін магниттік тартылыстар деп түсіндірді. Десек те, бұл теория ештемені де түсіндіріп бере алмады. Дәл осы құбылысқа байланысты нақтылы зерттеулер 1940-50 жылдары шықты. Көптеген болжаулар айтылса да табиғаттың тылсым сыры құпиясын жария етпеді.

Бірінші түсіндіру – тастың астындағы жердің таймалы болып келуінен, яғни балшықтан.

Екінші түсіндіру – тас мыңжылдықтар бұрын саздан құралған. Жеңіл болуының себебінен жел тұрғанда тастар көшкен.

Үшінші түсіндіру – тастың бетін қалың мұз жапқан. Мұз еріген кезде тас осындай бір жолмен қозғалыс жасаған.

Төртінші түсіндіру – жер сілкініс кезінде тастар қозғалатын болған. Бірақ дәл осы тастар «көшкен» жердің сейсмикалық жағдайы өте тұрақты болғандықтан бұл гипотеза жер құшты.


Енді бүгінгі зерттеуге келсек, заманауи ғалым, Сан-Хосе университетінің профессоры Паула Мессина 1993 жылы бұл жерді бас-аяғымен толық зерттеп, өзінің нақты тұжырымын жасай білді. Құрғап қалған өзеннің орналасуы желдің соғуына әсер етеді-мыс. Жел өз кезегінде траекториясын өзгертіп, құйындарды құрайды. Ал құйын тастарды әрлі-берлі домалатады екен. Міне, тарихтың сыры осылай белгілі болғанға ұқсайды.

Десек те, Паула Мессина скептиктердің бірқатар сұрағына жауап бере алмады:

  1. Неліктен бір тастар қозғалса, екінші тастар қозғалмай, орнында нық тұрады?
  2. Тастар көшіп кетсе, неге мұнда әлі де көп?
  3. Тастың іздері неге желдің әсерінен жоғалып кетпейді?
  4. Ежелдегі аңыз-әңгімелерде неге дәл осы «құйын теориясы» айтылмайды?

P.S. Міне, естімеген елде көп... Шынында да, бұл жұмбақ құбылыс адамды еліктіреді. Табиғат жасырған құпияны сол табиғаттың бір бөлшегі саналатын адам баласы неге аша алмай келеді екен?

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: joy4mind.com

А. Құлтай