Он ғасырлық ғибадатхана

Он ғасырлық ғибадатхана
Фото: allcastle.info

Уақыт пен заман ортасындағы көпір іспетті ғибадатханалар заман сырын шертіп тұра бермек... Солардың бірі әрі бірегейі – Прамбанан атты индуистік ғибадатхана кешені.

Прамбанан атты индуистік ғибадатхана кешені Ява аралында X ғасырда салынған. Араға уақыт салып қарауытып жеткен, ғасырлар тоғысындағы тастан салынған үлкен құрылыс Индонезияның таңдаулы тарихи ескерткіштерінің бірі болып саналады. Аталған кешен үш бірдей үлкен ғибадатханадан, бірнеше құдай үйінен және көптеген кішкене ғибадатханалар жиынтығынан тұрады. Әсіресе, аспанға қол созып тұрған Шиваның басты ғибататханасы таң-тамаша күйге бөлейді.

Прамбанан ғибадатханасы Шайлендр әулетінің соңғы өкілі саналатын будда монархын жеңіп, үстемдікке ие болған индуис монархы Ракаи Пикатананың құрметіне салынған. Алайда, ғибадатхана салынып біткеннен соң қараусыз қалған. Тек 1918 жылы қайта қалпына келтіру үшін жасалған шаралар 35 жылға созылған. Тіпті кейбір бөліктерін қалпына келтіру бүгін де жалғасын тауып жатыр.

Прамбананың ең басты үш ғибадатханасы Вишна мен Брахма, Шиваға арналған. Және кішкентай ғибадатханалар жиынтығы Құдайлар қасиетті деп тапқан аң-құстардың, жан-жануарлардың құрметіне салынған. Мәселен, Сиқырлы Гаруда қыранын Вишна, Нанди бұқасын Шива, құс төресі аққуды Брахма алып келген деген аңыздар бар. Өкінішке орай, ара-тұра орын алып тұратын жер сілкіністері ғибадатханаға кесірін тигізуде. Онсыз да құлаудың әзер алдында тұрған тарихи ескерткіштер кішігірім жер сілкіністерінен соң, тас үйінділеріне айналуда. 

Прамбананың басты ғибадатханалары бірнеше мәрте құлап, қайта тұрғызылып келуде. Құлаудың басты себептері тастарды байланыстырып тұратын ерітіндінің (раствор) құйылмауында. Соған қарамастан ғибадатханалардың керемет архитектурасы, ғажап фрескасы (кеппеген сылаққа салынған сурет) және барельефі (бедерлі сурет) өз қалыптарын сақтап қалуда. Иә, уақыт пен заман ортасындағы көпір іспетті ғибадатханалар замана сырын шертіп тұра бермек...

Г. Берік