Үлкен адамдар шеруі

Үлкен адамдар шеруі
Фото: playgolfinfrance.com

Тарихта сан түрлі ақылға сыймайтын жоралғылар бар. Мысалы, Францияның Дуэ қаласында шілде айында Les Fetes de Gayant атты үш күнге созылатын «Алыптар фестивалі» өтеді екен. Дәстүр сонау 1530 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл кез тарихта Фландрия испан үкіметінің Солтүстік Францияны жаулап алуымен сақталған. Француз әскері тізе бүктірген соң жаулаушылар бұл оқиғаны атап өтуді, яғни бір рәсім ұйымдастыруды қолға алады.

Себет тоқитын шеберлерге үйеңкі шыбықтарынан алып денелі дәулерді жасауға бұйырған. Алыптарды рәсімнің басты белгісі деп таныған. Алғашқы жылы алып ер адамның денесін жасаса, екінші жылы оны «үйлендірмек» болып, оның жары Мари Кажноның мүсіні жасалған. Міне, жылдан жылға дәстүр жалғасын тапқан. Қазір олардың әжептәуір жанұясы бар.

Кейде саяси және діни көзқарастар бұл мейрамды атап өтуге қарсы болған. Ал кейде тым жиі ұйымдастырылып кеткен екен. Мысалы, Наполеон құлағаннан кейін бұл мейрам үнемі аталып өткен. Біршама уақыт өткен соң неше түрлі алыптар жанұясы мерекенің сәнін келтіретін болды. Жако, Филлон және оның балалары Бенбен, сол жердің көнеден келе жатқан аңызы бойынша жасалған айдаһарлар, аттар осы мерекенің басты символына айналған екен.

Жексенбі күні басталған салтанатты шеруде әр мүсінді алты ер адам көтеріп жүреді. Олардың соңында адал уәзірлер шеруді жалғастырады. Жергілікті муниципалитет (басқарма орны) алдына келгенде шеру тоқтайды. Оркест музыкасының сүйемелдеуімен шеруге қатысушылар көкке көгершін ұшырады. Қала мэрі құттықтау сөз сөйлейді. Сейсенбі күні кешке дейін Дуэ қаласында сан түрлі музыкалық концерт, сахналық қойылым, көрме өтеді. Қаланың әр түкпірінде тәттілер сатылады. Мерекенің басты тәттісі «гайянтин» деп аталады. Алыптардың құрметіне осылай аталған тәтті карамель ауызда ериді. «Ле Буле дю Шти» деп аталатын, сырты қара көмірге ұқсайтын шоколадты кәмпиті де шерудің сәні. Бірақ, бұл тәтті «гайянтин» секілді көнеден келе жатқан жоқ, Дуэ қаласында шахта ашылған кезде осы шоколад та пайда болған.

Есіңізде болсын, сәті болып, осы қалаға жол түсіп, аталған мерекенің куәгері болып жатсаңыз, балақай Бенбеннің бетінен сүймеңіз. Негізі, оның бетінен сүйген адамның жол ашылады деген сенім бар екен. Бірақ, бұл сенім қала қонақтарына арналмаған, демек, қаланың сырын білетін тұрғындарына ғана тиесілі екен.

Г. Берік