Динозаврлар жұрнағы

Динозаврлар жұрнағы
Фото: nationalgeographic.kz

Тікен құйрықты игуана немесе кәдімгі, жасыл игуана (лат. Ctenosaura) – бауырымен жорғалаушылар класы, қабыршақтылар отряды игуана тұқымдасына жатады. Орталық және Оңтүстік Американы мекендейді. Алғашқы тіршілік еткен табиғи ортасы Мексика аумағынан оңтүстікке қарай Бразилия мен Парагвайға, сондай-ақ Кариб теңізі аралдарына дейін деп саналады.

Тікен құйрықты игуана адамдарға мінез көрсетіп, асырауға көнбейді. Дегенмен, қолға үйретілген бірнеше түрлері де бар. Тікен құйрықты игуана – игуаналардың ішіндегі ең ірісі және дүниежүзіндегі кесірткелердің ең жылдам жүгіретіні. Құйрығы қылтанақты қабыршақтардан тұрады. Аты соған байланысты қойылған. Аталықтарының ұзындығы 1,5 метрге дейін жетеді. Аналықтары олардан сәл қысқа – 1,3 метр.

Игуаналар – ұзақ эволюциялық өзгерістерден өткен ежелгі тұқымдастар. Олардың динозаврларға ұқсайтыны да сондықтан. Көбінесе гүл, жапырақ, жеміс, кейде өзінен кішірек аңдарды да жейді. Тікен құйрықты игуана «Гиннесстің рекордтар кітабына» тіркелген. Ол сағатына 35 шақырым жер жүгіре алады.

Суретте: Қолға үйретіліп, үйде тіршілік етіп жатқан игуана. Фото үй өсімдіктері арасында түсірілді. Автор ірі план арқылы үй игуанасын тұмса табиғатта тіршілік етіп жатқандай етіп көрсеткісі келгені байқалады.

Дереккөз: nationalgeographic.kz

Е. Жұмабайұлы