Көк түске малынған қала

Көк түске малынған қала

Көк түс – дәстүрлі түрде үйлесімділік пен тұрақтылықтың нышаны. Психолог мамандар бұл түспен қақтығыстардың алдын алу және өзара түсіністікке қол жеткізу үшін білім беру ордаларындағы дәрісханалар мен кабинеттерді безендіруге кеңес береді. Мамандарға сенсек, Шефшауэн (Марокко) қаласының тұрғындарының жолы болған! Өйткені, мұндағы барлық үйлер көгілдір реңдерге боялған. Алыстан көз жіберіп қарасаңыз, Риф тауларының бауырында орналасқан Шефшауэн тап бір ертегі әлеміндегідей көрінеді.

Шефшауэн қалашығында 40 000 ғана адам тіркелгендігімен, көшелер әрдайым ығы-жығы халыққа толы болады. Жаз айларында 200-ге жуық қонақ үй қала қонақтарына толы болады, тіпті кейде сыймай да қалып жататын көрінеді.  


Шаһар өзінің көк түсті ажарына 1930 жылдан бері ие болып келеді. Бұл жылдары мұнда еврейлер тұрған. Дәл осы кезеңнен бері Шефшауэнде тыныштық пен береке өз патшалығын құрып келеді.

Шефшауэн шаһары – ежелгі қалалардың бірі болып табылады. Ол 1471 жылы құрылған. Қала жолы қиын жерлерде орналасқандықтан, соғыс кездері аз зардап шеккен және ұзақ жылдар бойы гүлденіп келеді. ХV-XVII ғасырларда қалаға Испаниядан қуылған еврейлер қоныстанады. 1920 жылы испандықтар Шефшауэнды басып алады.  Ұзақ жылдар бойы Испанияға бодан болған қала, тек қана 1956 жылы тәуелсіздік алады.

Әр нәрсенің өз «әттең-айы» болады дегендей, қаланың да бір «әттең-айы» бар. Шаһарда көп жылдардан бері есірткінің бірнеше түрі өсіріліп келеді, осының арқасында «есірткі орталығы» деген атақты иемденген.

Сонымен қатар, Шефшауэн – дүкен аралауды ұнататындар үшін таптырмас мекен болып саналады. Қаланың визитті карточкасы – жүннен жасалған киімдер мен тоқымалы көрпелер. Одан басқа, туристердің арасында мароккалықтардың ешкі сырын өндіруден атағы шығып тұр.

Суреттер: alldayplus.ru,kulturologia.ru,friends.kz,ru.allwomenstalk.com,fototelegraf.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева