Қуатты жігіттер мен батыл қыздарға арналған сайыс

Қуатты жігіттер мен батыл қыздарға арналған сайыс

Махаббат атты өзеннің суын қол ұстасып бірге кешкен екі жас үшін үйленіп, үй болудан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?! Ақ махаббатың нышаны ретінде сүйіктісін алақанына аялап салып жүру – жай ғана көркем әдебиетте қолданылатын әдемі эпиттеттің бірі ғана емес. Таппайтыны жоқ финдіктер бұл көркем сөзді іске айналдырып, оған көп мөлшерде құмарпаздықты қосып, жарқын жүздер мен көтеріңкі көңіл-күйді араластырып және аз ғана әзіл-ысқақты себеді де, кереметтей спорт мерекесінің мәзірін ойлап табады. Бұл күнде ол мәзір – "Ерлі-зайыптылардың халықаралық чемпионаты» деген мәртебе алып та үлгерген екен.

Жұптық сайысты өткізу 1992 жылдан бері дәстүрге айналып келеді. Сайыс шілде айында, финдіктердің Сонкайарви қалашығында, жақсы көру, аялау, бағалау, мақсатқа бірге жету – отбасының нағыз құндылығы деген сөзді іс жүзінде көрсету мақсатында ұйымдастырылып тұрады.

Сайысқа 17 жасқа толған кез келген ғашықтар қатыса алады.

Шарттары да дәл осындай қарапайым. Жұптар әртүрлі кезеңдерге қойылған адам әзер төзетін қиындықтардың бәріне төтеп беріп, ұпай жинайды. Ойын барысында ер жігіттің мойнында отырған нәзік жандылардың қолдары жерге тимеуі керек, егер ереже бұзылса, айыппұл салынады немесе нәтиже есепке алынбайды. Сондықтан да, ереже қыздарымыздан да асқан ұқыптылықты қажет етеді.

Бүгінде осы чемпионаттың көшірмесі әлемнің бірнеше елдерінде жасалып үлгерген.

Өз махаббаттарыңыздың беріктігі мен жетер биігін сынап көргіңіз келсе, жарыңызды арқаңызға отырғызыңыз да, Финлияндия жеріне жол тартыңыз!

Суреттер:vk.com,kulturologia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева