Қолсыз туған гитарашы хикаясы

Қолсыз туған гитарашы хикаясы
Фото: alexandrbykadorov

Төрт мүшеңіз түгел екеніне қуаныңыз, бұл өмірде адамның басына не күн тумайды?! Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы. Қазір қол-аяғы сау, үсті-басы бүтін, ақыл-есі түзу кей адамдар бостан-босқа қол қусырып, негізсіз сөйлейді. Олар қараптан-қарап өздеріне сылтау іздейді. Ақталып-ақталып өзі шығарған бұрыс тұжырымына әдбен налиды. "Барлық гәп осыда екен ғой" деп өзінен бөлек айналасына жабады. Қандай іс болмасын, одан болашақ көрмейді. Ал жоқтан бар жасап жүрген адамдар ше? Олар кім? 

Тони Мелендес (Tony Melendez) 1962 жылы Никарагуада туған. Ол қолсыз боп туды. Тони бала кезінен қолым болса екен деп қатты армандады. Содан арманын іске асыру үшін АҚШ-қа көшті. Мұнда 10 жасқа дейін протезбен жүрген. Оның айтуынша, ол протезбен өзін аса жайсыз сезініпті. Қолы жоқтығына қарамастан ол 16 жасынан әкесінен қалған ескі гитараны үйренгісі келеді. Бұл күнде Тони өз мүмкіндігінен асып түсті. Тонидің: "Ешқашан мен істей алмаймын деп айтпа!" − деген сөзі жергілікті халықтың нақыл сөзіне айналды.

Тыңдармандар оның қолсыз гитарамен айтқан әнін естіген сайын әрдайым таңдана түседі. Тонидің музыкаға деген құштарлығы, махаббаты ішінде отырған қорқынышты жеңуге көмектесті. Сол себепті қандай жағдайда да ешқашан "Мен істей алмаймын" деп айтпаңыз. Өзіңізге сенім ұялатып, "Менің қолымнан барлығы келеді" деп ұран тастаңыз.

С. Ерсін