Балалық шақты еске түсірген тосынсый (Видео)

Балалық шақты еске түсірген тосынсый (Видео)

Күйбең тірлікпен жүріп, сананы тұрмыс билеп алып, қиял-ғажайыптарды ұмытып кететініміз рас. Сәби шақтағыдай мультфильмдерді қарай қалсақ, жүзімізге күлкі үйіріліп, балалығымызды еске түсіреміз. Сол балалық шақтың белгісі Disney, Metro-Goldwyn-Mayer мультфильмдері еді. Мультфильмдердің бірін һәм бірегейін түсірген, ертегілер патшалығы саналатын, әр бала көруді армандаған Дисней оларға Нью-Йорк штатының оңтүстігіндегі Лонг-Айленд аралының Westfield Sunrise атты сауда орталығында керемет тосынсый жасады.

Сауда орталығындағы адамдардың бірі ұялы телефонымен сөйлесіп, енді бірі шаруасына асығып, біреулері балаларымен тынығып жүрген еді. Кенет олар өз көлеңкелерінің диснейлік кейіпкерлерге айналып кеткенін байқайды. Микки Маус, Гуффи, Дональд Дак, Эльза, Күлше қыз сынды бейнелер көрермендерінің ісін қайталап, бірге би билеп, көңілдерін көтерді. 

Кейіпкерлер аталған сауда орталығының ішіндегі Umbra Penumbra Magic Shop атты дүкеннің күңгірт терезесінің артында өнер көрсеткен. Жарық арқылы берілген көріністер халықты думанға бөлеп жатты. Бір қызығы, Umbra Penumbra Magic Shop дүкені де, Диснейленд саябағы да 1955 жылы салтанатты түрде ашылған екен.

Ендеше, өз көлеңкеміздің Дисней әлемінде қалай кескінделетінін бірге тамашалайық. 

Сурет: imageserver.moviepilot.com

Е. Жұмабайұлы