Бізге беймәлім ғажайып мекендер #2

Бізге беймәлім ғажайып мекендер #2

Таумен таласқан зәулім ғимараттар, биік мұнаралар адамзат баласының қолымен салынып жатыр. Ал сол алып кешендерді адам Табиғат-Ананың туындыларына – тауларға, құздарға қарап салды десек, қателеспеспіз. Табиғаттың сұлулығы бізді қашан да қызықтырады. Мына суреттерден Табиғат-Ананың құпия мен тарихқа толы туындыларын тамашалап, "біз білмейтін тағы қандай мекендер бар екен?" деп ойланатындарыңызға сенімдіміз.

Ретба көлі, Сенегал

Сенегал астанасы Дакардан 30 км қашықтықта орналасқан бұл көлдің атауы – Ретба. Ретба «алқызыл көл» деген мағынаны білдіреді. Түсіне қарап қасиетін біліп отырған да боларсыздар. Иә, бұл тұзды көл. Тұздылығы 40%-ды құрайды. Көлдегі алқызыл түс көп мөлшердегі цианобактериялардың әсерінен пайда болған. Қара теңіз секілді бұл көлдің де тығыздығы аса жоғары. Бір қызығы, көлдің тұздылығына қарамастан, онда балықтар өмір сүреді екен.

Плайя-дель-Амор, Мексика

Мексика әлемге құмды, кактусты өңір ретінде танымал. Бірақ, қазір одан да басқа мақтанатын керемет жағалауы бар екенін біле бермейміз. Мына суреттегі ғажайып жағажай таулы қыраттармен қоршалған. Плайя-дель-Амор деп аталатын саяхатшылардан жасырынып жатқан жағажай Мариет аралында орналасқан.

Прахов құздары, Чех Республикасы

Чехияға саяхаттаған әрбір адам тарихқа толы Праганы шарлағысы келеді. Ал Чех Республикасының табиғатына қызыққандар бұл тауларды көруі тиіс. Праганың батысынан 90 км қашықтықта жатқан таулар – жергілікті тұрғындар үшін қазына. Бірақ, әлем саяхатшылары үшін әлі таңсық.

Шондонг үңгірі, Вьетнам

Вьетнамға барған адамдар жағажайлар мен аралдарды, мөп-мөлдір, тұп-тұнық суды көруді мақсат етеді. Бірақ, олар ұмыт қалдырған тағы бір жер бар. Бұл – 1991 жылы табылған әктастан құралған үңгір. Аумағы 9 км жерді алып жатқан бұл жер әлемдегі ең үлкен үңгірлердің бірі.

Кіші Семячик, Ресей

Ресей өңірінің ауа райы суықтау. Дегенмен, оның солтүстігіндегі Камчаткада айтылған пікірге кереғар ой тудыратын көл бар. Бұл – Кіші Семячик, ыстық, тұзды суға толы жанартау. Мөлдірлігімен, айналасын қоршаған ландшафттарымен әдемі.  

Ваадху аралы, Мальдив

Ваадху аралының жағажайы теңіз биолюминесценциясымен танымал. Үнемі күн батқан соң жарқыраған планктондар (өзен суларындағы өсімдіктер мен жәндіктер) Ваадху аралын сиқырлы мекенге айналдырып жібереді.

Памуккале, Түркия

Түркия еуропалық саяхатшылардың ең көп баратын жеріне айналды. Әсіресе, теңіз жағалауына көп келеді. Теңізді Түркияның төрт бұрышынан да таба аласыз. Ал өзгешелікті бұл елдің Памуккале атты ғажайып террасасынан көруге болады. Тек әдемілігімен емес, емдік қасиетімен де ерекше. Хауыз суы минералдарға бай. Оған қоса, ел аузында бұл хауыз туралы әртүрлі хикаяттар айтылып жүр.

Сурет: mixstuff.ru, bankoboev.ru, mail.ru, tuitmagazine.com, svejo.net.

Е. Жұмабайұлы