Әлемдегі ең қауіпті өзендер мен көлдер

Әлемдегі ең қауіпті өзендер мен көлдер

Табиғат тылсымы қашан да жұмбақ. Оның барлығының сырын аша беру де мүмкін емес. Ғаламның ғажайыптары адамзаттың алақанына бүкіл құпиясын ашып салмай, әлі күнге бір сырларын іште бүгумен келе жатыр. Бүгін біз сіздерді әлемдегі ең қауіпті өзендер мен көлдердің тылсым сырларымен таныстыратын боламыз.

Ниос көлі, Камерун

Камерун жерінде орналасқан Ниос көлі көркімен көз тартады. Елдің солтүстік-батысында орналасқан көл әлемге «ажал құштырушы» деген атпен де танымал. Дәл мұндай атқа ие болуының да өзіндік тарихы бар. 1986 жылы көл маңындағы елдімекендердің тұрғындары, мал-жаны, тіпті, ұсақ жәндіктеріне дейін түгі қалмай қырылған. Кейіннен зерттеу жүргізген ғалымдар теңіз деңгейінен 1090 метр биіктікте орналасқан Ниос көлінің бұрынғы жанартау орнында пайда болғанын анықтаған. Ал маңайдағы тіршілікті күл-талқан еткен - көлдің түбіне жиналған улы көмірқышқыл газы болып шыққан. Ұзағынан жиналған газ суды жарып сол күні ауаға шыққан екен. Уақыт өте келе табанына көмірқышқыл газын жинайтын көл әлі де қауіпті саналады. 

Рио Тинто өзені, Испания


Рио Тинто – бұл Андалусия тауында ағып жатқан өзен. Көне замандардан бері бұл өзен жағасында кен байыту істері жүргізіліп келе жатыр: алтын, мыс және т.б. металдар. Соның салдарынан өзенді күкірт қышқылы басып алған. Мұндағы көптеген қазба карьерлер айдың пейзажына өте ұқсас келеді. Ай пейзажы мен қызыл өзен сюрреалистік картинаны еске түсіреді. Ғалымдардың пікірінше, Марс, Ай және Юпитер ғаламшарларының жер қыртысының астында дәл осындай өзендер болуы мүмкін.

Янцзы өзені, Қытай


Қытай өзені Янзцы – Евразиядағы ең ұзын, әрі суы мол өзен. Сонымен қатар, бұл өзен әлемде ұзындығы жөнінен Амазонка мен Нілден кейін үшінші орында. Өзен орналасқан Чунцин портты қаласы – елдің ірі өнеркәсіп орталығы. Өзен жағалауларында көптеген фабрикалар мен зауыттар жұмыс істейді. Ал қалған қалдықтарын Янцзыға ағызып жіберетін көрінеді. Өзен суының құрамынан адам денсаулығына қауіпті химикаттар кездеседі екен. Қытай елі басшылығы өзенді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді бастағанмен, Янцзы әлі де әлемдегі ең қауіпті әрі лас өзендердің қатарынан шыға алар емес.

Амазонка өзені, Оңтүстік Америка


Әлемдегі ұзындығы мен суының молдығы жағынан алғашқы орындарды иеленетін Амазонка қауіптілігі жағынан да алғашқы орындарда. Өзенде әлемдегі ең жыртқыш жануарлар мен жәндіктер кездеседі.Топтасып жүретін пиранья балықтары, қара каймандар, анаконда мен ірілі-ұсақты жыртқыштар көптеп кездеседі. Сонымен қатар, Амазонка алабы - нағыз паразиттердің де отаны.

«Қайнап» жатқан көл, Доминикан Республикасы


Бұл көл Доминикан Республикасының Морн-Труа-Питон ұлттық паркіне жақын маңда орналасқан. Көлді алғаш рет 1870 жылы екі ағылшын саяхатшысы ашқан. Атып айтып тұрғандай қысы-жазы қайнап жататын көлдің температурасы 92°С-ты құрайды. Бұл – адам денесін күйдіре алатын температура. Жаңбырлы күндері көл суы салқындағанмен, шомылуға рұқсат берілмейді.

Ганг өзені, Үндістан


Бұл өзеннің ластануына өндіріс пен халық санының артуы себеп болып отыр. Үндістердің қасиетті әрі аңыздарына арқау болған өзені саналатын Гангтың қазіргі жағдайы мүшкіл. Қасиетті өзен суына жергілікті жұрт өртенген мәйіт күлін тастайды, жуынады, тұрмыстық қалдықтарын ағызады. Тіпті, мұнда шомылудың өзі қауіпті. Түрлі жұқпалы ауруларды адамдар шомылып жүріп жұқтырып алады. Яғни, өзенде энтеробактериялардың мөлшері жоғары. Соның салдарынан жылына Ганг өзеніне шомылған мыңдаған адам дүниемен қоштасып жатады.

Онондага көлі, АҚШ


ХІХ ғасырда Онондага көлі АҚШ жеріндегі танымал демалыс орындарының бірі болған. ХХ ғасыр басында көл экологиялық апатқа ұшырады. Көл алабына тасталған зауыттардан шыққан нитрат, фосфат қалдықтары қауіпті бактериялардың таралуына себепкер болды. Жергілікті тұрғындарға суын ішуге тыйым салды. 1940 жылы көлде шомылуға болмайтынын ескертті. Нәтижесінде қолдан жасалған экологиялық апат салдарынан танымал демалыс орнының заманы келмеске кетті. 1970 жылы көлден балық аулауға да болмайтыны ескертілді.

Цитарум өзені, Индонезия


Цитарум – әлемдегі ең лас өзен. Индонезия астанасы Джакарта қаласының маңынан ағып өтетін өзенге 9 миллион тұрғынның қоқысын тастайды. Өзендегі қоқыс қалдықтарының көптігі сондай, бір көрген адам мұны өзен деп әсте ойламайды. Керісінше, қоқыстан төселген кілем деп қабылдауы мүмкін. Ұзындығы 300 шақырымды құрайтын өзен жағалауында 500-ге жуық зауыттар мен фабрикалар бар. Алғашында осы өндіріс орындары қалдықтарын шығарумен өзенді ластаса, кейіннен тұрғындар да қоқыс тастауға еттері үйреніп кеткен. Тіпті, өзеннің кей тұстарында өзен суын ауызсуға пайдаланады да екен. 1980 жылдарға дейін өлкенің көркем мекені болып келген Цитарум бүгінде әлемдегі ең қауіпті өзендердің қатарына еніп отыр.

Ғаламтордағы көптеген ақпарат көздері ең қауіпті көлдердің қатарына Сицилиядағы "Өлім көлін" де қосады. Әсіресе орыс тілді сайттарда бұл көлдің қатерлілігі жайлы көп айтылған. "Өлім көлі" деп мына суретті қоса береді.


Ал бұл суреттегі көл Йеллоустоунда орналасқан. Естеріңізде болса бұл туралы жазған болатынбыз. Алдағы уақытта оқырмандарымызға ғаламторда жайылып кеткен "Өлім көлі" туралы аңызға қатысты ақпарат жариялайтын боламыз. 

Жер бетінде бұдан өзге де қауіпті көлдер мен өзендер жетерлік. Көбісі дерлік, адамдар әрекетінен кейін экологиялық апатқа ұшырап, қауіпті аймаққа айналып шыға келген. Ал олардың қайта қалпына келуі үшін мыңдаған жылдар қажет. Табиғат та қорғауды қажет етеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: jevons.ru

Ө. Сансызбай