«Диснейленд» ертегі әлемі қалай салынды?

«Диснейленд» ертегі әлемі қалай салынды?

1955 жылы 17 шілдеде Анахайм қаласында ең алғашқы «Диснейленд» ойын-сауық орталығы ашылды. Ол Америка елінің Калифорния штатында оңтүстік Лос-Анджелесте табан тіреген. Мұндай таңғажайып саябақты атағы бүкіл әлемге белгілі америкалық мультипликатор Уолтер Дисней салған. 

Уолтер Дисней жастайынан ертегіге құмар адам болған. Оған мұндай ой қыздарын саябаққа апарып, серуендетіп жүрген кезінде келген. Уолтер сол сәтте кішкентай бүлдіршіндер мен ересек кісілерге арналған ортақ дүние жасағысы келді. «Ер жігіттің түсін айтпа, ісін айт» демекші, көп ұзамай түйген ойы зат болып шыға келді. «Диснейленд» әлемін құрастыруға Уолтер қалтасынан 17 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Ақша айналымы 10-20 есеге артығымен оралды. Тек соңғы 25 жылдың ауқымында келіп-кетушілер саны 200 миллион адамнан асқан.

Бұл есепті аз көрсеңіз, 1963 жылы Флорида штатында Уолтер мырза жер сатып алып, «Х жоспары» деген атпен өз алдына көптеген міндеттеме қойды. 1971 жылдың қазан айында «The Walt Disney World» орталығы ашылды. 1983 жылы «Диснейленд» Токиода, 1992 жылы Парижде пайда болды.   

Бүгінде Диснейленд саябағында 8 тақырыптық облыс бар: Диснейлендтің басты көшесі (Main Street USA), Жануарлар әлемі (Critter Counrty), Оқиғалар әлемі (Adventureland), Алғашқы адамдардың аяқ басқан жері (Frontirland), Фантазия әлемі (Fantasyland), Жаңа Орлеан алаңы (New Orleans Square), Дисней кейіпкерлерінің үйі (Mickey`s Toontown), Болашақ  елі (Tomorrowland). Бұл  облыс орталықтарына бір мезетте оралмалы-айналмалы ескі пойызбен барып шығуыңызға болады. Саябақ 365 күн бойы қызмет көрсетеді.

Уолтер Диснейдің танымал дәйексөздері:

«Мен фильмді ақша табу үшін түсірмеймін. Мен ақшаны фильм түсіру үшін табамын».

«Маған мүмкін емес нәрсені жасау – ермек сияқты болып қалған».

«Диснейленд ешқашан салуын тоқтатпайды. Ол адам қиялының әлем туралы ой шегіне жеткенінше жалғаса береді».


Оқи отырыңыз:

Текемет Италияда брендке айналды

Селфи үшін 75 елді аралап шыққан саяхатшы

Тауды тесіп жасалған туннель туралы білесіз бе?

«Эйр Астана» компаниясы жүлдемен марапатталды

 

Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы

Сурет:sporeflections.wordpress.com,vikky-13.livejournal.com

Н. Нұрмаханұлы