Монако – туризм ордасы

Монако – туризм ордасы

Монако – Жерорта теңіз жағалауында орналасқан ең таңдаулы шипажай және әлемдік туризмнің орталықтарының бірі. Кішкентай ғана Монаконың бүкіл тұрмыс-тіршілігі туризм саласымен өте тығыз байланысты. Статистикалық мәліметтерге сенсек, мемлекетке жылына үш миллионнан астам турист келеді екен. Яғни, жазғы демалысыңызға құрған жоспарыңызға Монаконы енгізіп қойсаңыз, өкінбейсіз.

Монако Монако-Вилль немесе Ле-Роше, Ла-Кондамин, Фонвьей және Монте-Карло деп аталатын төрт ауданнан тұрады. Бұл – Еуропаның оңтүстігінде орналасқан әлемдегі ең кішкентай және халқы ең тығыз орналасқан мемлекеттің бірі. Мемлекеттің жер аумағы – 2,02 км² (Нью-Йорктегі Орталық саябақтың аумағынан екі есе кіші).

Альпінің тау сілемдеріндегі құздардың кертпештеріне орналасқан мемлекет көп қабатты үйлерге бай. Ғимараттар теңіздің ернеуіне дейін орналасқан, бір қарағанда биік виллалар суға батып бара жатқандай көрінеді.

Солай бола тұрғанымен, Монаконың 20 пайыз аумағы бақшалар мен саябақтарға толы, ал, жағалау жиегі ойын-сауыққа арналған мекемелермен көмкерілген. Және "Еуропалық Лас-Вегастағы", яғни, Монте-Карлодағы алып казино туралы айтпай кетуге болмайды. Өте көне әрі аты аңызға айналған Монте-Карло казиносы барлық құмар ойыншыларға ойын барысында кез келген алаяқтық түрінің орын алмайтындығына жүз пайыз кепілдік береді.

Казино-дю-Монте-Карло – Еуропадағы тұңғыш ойын үйі, тіпті, әлемге "казино" деген ұғымды сыйлаған осы мекеме делінеді. Мемлекет өзінің "екінші туылуы" үшін осы казиноға қарыздар. Өйткені казино ХІХ ғасырдың аяғында экономикалық дағдарыс барысында елді банкроттықтан құтқарып қалған.

Аңыздарға сенсек, өлке өз атауын гректер тұрғызған "Гераклос Моноикос" деп аталатын ғибадатханаға байланысты иемденген. Яғни, Монако мемлекетінің атауы ежелгі грек тілінің «моноикос» - «дәруіш», «тақуа» деген сөзінен шыққан деседі. Асылында, князьдіктің ең алғашқы тұрғындары - финиктер болған. Бұл шамамен, б.з.д. 900 жылдарға жатады. Осыншама көп уақытты бастан өткеріп отырған Монаконы мұражай деуге де болады.

Жоғарыда аталған Монако-Вилль – князьдіктің астанасы. Құздың басында орналасқан астананы "Ескі қала" деп атайды. Бұл жерде 1875 жылы жаңаромандық стильде салынған Кафедралды шіркеу орналсқан. Сондай-ақ, Князьдік сарайды, Напалеон мұражайын, Князьдік сарайдың тарихи архивін, Форт-Антуан ашық театрын, Мартина көркемсурет бағын, Монаконың ескі мұражайын және жерасты аквариумы бар мұхиттық мұражайды, сарайлық алаңды көре аласыз. Соңғы аталған алаңда күн сайын гвардияшылардың маршы өтіп тұрады.

Монте-Карлодағы Ұлттық Қуыршақтар мұражайы, Қасиетті Чарльз шіркеуі және 17 мың шаршы метрді алып жатқан Жапон бағы туристердің ең көп баратын орындары.

Ал Кондами ауданы - мемлекеттің бизнес орталығы. Бұл жердегі бизнес орталықтардың, арнайы кеңселердің, банктердің, супермаркеттердің, сауда орталықтарының санында шек жоқ. Ауданның ең негізгі құндылықтары - Қасиетті девота (ХІ-ХІХ ғ.ғ) шіркеуі, алып Базар (1880 ж), Рю-Принсесс-Каролин аталатын жаяуларға арналған ыңғайлы көше, Антропология мұражайы (1902 ж), тау құшағындағы Жардин-Экзотик экзотикалық бағы, үңгірдегі Обсерватория саналады.

Фонвьей ауданы теңізге өте жақын орналасқан. Бұл ауданның ең көрікті жерлері - Ренье III ханзаданың ескі автокөліктері қойылған мұражай орналасқан алып коммерциялық орталық (шамамен 100-ден астам көлік бар), әлемнің ең таңдаулы өсімдіктері қойылған Фонвьей пейзаждық бағы, нумизматика мұражайы, Грейс ханшаның раушан гүлдер питомингі, теңіз мұражайы, зоологиялық бақ (1954 ж) және ІІ Луи атындағы алып стадион. Бұл спорт кешенінде 20 мың орын бар және жерасты бассейіні салынған.

Алайда, көптеген туристер қаланың ескі орындарын көруге емес, заман талабына сай салынған көрікті ғимараттарды, қайнап жатқан түнгі өмірді тамашалауға келеді.

Монакода мыңдаған мейрамхана, би кештері өтетін мекемелер, клубтар бар. Жерорта теңізі жағалауындағы ең танымал мейрамхана - "Луи XV" деп аталады. Сондай-ақ, мұндағы "Ла-Кабаре-дю-Казино", "Ла-Бэль-Эпок" (Монаконың ең көне ғимараты), "Ле-Фёль-Рюс"  "Ля-Куполь", "Ля-Саль-де-Этоле", "Тиффани", "Саль-Эмпайр", "Шарль III", "Масон-дю-Кавьяр", "Оффшор", "Дю-Пор", "Таиланд", "Ульпиа", "Чао", "Чайна-Таун" сынды ең үздік мейрамханалар көптің арманына айналып отыр.

Дайындаған және суретке түсірген: Болат Қосмағамбет