31 наурыз - Эйфель мұнарасының салтанатты түрде ашылған күні

31 наурыз - Эйфель мұнарасының салтанатты түрде ашылған күні

Эйфель - әлемдегі ең танымал Париждегі архитектуралық мұнара. Ол бүкіл адам санасында Францияның символы болып сақталған. Мұнараға Эйфель аты жайдан-жай берілмегені анық. Мұнараны құрастырушы Гюстав Эйфель алғашында мұны жай ғана 300 метрлік мұнара деп қана атаған болатын. 

1789 жылы болған революцияның жүз жылдық мерейтойын атап өту мақсатында дүниежүзілік көрме ұйымдастыру шарасы қолға алынды. Шарада таңқаларлық бір дүниені ойлап табу керек болатын. Ұйымдастырушылар көптеген талас-тартыстың нәтижесінде француз инженері Гюстав Эйфельдің жұмысына тоқталады.

Құрылыс жұмыстары 2 жыл, 2 ай және бес күн жүргізілді. 1887 жылы 28 қаңтарда басталып, 1889 жылы 3 наурызда аяқталған құрылысқа 300 адам жұмылдырылды. 

Мұнараның тез арада салынып бітуі барлық құрылыс нысандарының өлшемдері нақты әрі тура болып сызылуына байланысты болды. Жобаны белгіленген уақытта бітіру үшін Эйфель алдын ала дайын құрылыс бөлшектерін жасауды қолға алады. Сена өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Эйфель мұнарасы Париж қаласының ғана емес, күллі Франция елінің нышанына айналды.

Эйфель мұнарасының құрылысының басталуы біраз қиындықтарға толы болды. Себебі, бұл жобаның салынуына бірқатар жандар наразылық білдірген болатын. Олардың пікірінше, Эйфель мұнарасы салынса, Париж қаласы ұсқынсыз болып көрінеді. Тіпті, құрылыс жұмыстары аяқталған соң да, жобаға сын айтушылардың саны толастаған жоқ. Тек біраз жылдардан кейін Франция халқы жобаға оң көзбен қарап, оның көзтартар сұлулығын бүкіл әлем мойындады.  

Эйфель мұнарасын өз көзімен көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер арнайы ат басын бұрады. 2006 жылы мұнарада 6 719 200 адам болды. Ал 2007 жылы 31 желтоқсанда онда 236 445 812 адам көтерліген.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: webmandry.com

А. Әбілхан