Жер бетінде "Ай" бар

Жер бетінде "Ай" бар

Атакама шөлі - Жер бетіндегі ең құрғақ өңірлердің бірі. Керек десеңіз, мұнда ешқашан жауын жаумаған аудандар бар екен. Онда жыбырлаған тірі ағза жоқ: шөпті де, бұтаны да көре алмайсыз, есесіне сансыз тастар, майда-шүйде тұзды өзендер мен "елсіз тыныштық" бар.

Әңгімемізге арқау болып отырған мекенді жұртшылық қауым айға теңегендіктен, Ай алқабы (Valley of the Moon, Valle de la Luna) деп аталып кеткен.

Атакаманың шығыс бөлігінде орналасқан жазықтықтағы тұздың, құмның, тастың әртүрлі түзілістеріне қарап отырып, ай бетінде жүрмін бе деген ойда қаласыз. Мұндай көріністің қалыптасуына себеп болған - су мен жел. Алқапта жүріп күн батысының кереметтей келбетінің куәгері бола аласыз. Дәл осы жерде көптеген ғылыми-фантастикалық фильмдер түсірілген болатын.

Ай жарығында шөлдің күзетшілері аталып кеткен әртүрлі табиғи тұз пішіндерін көруге болады.

Егер Ай алқабында тұп-тура бір жыл өмір сүруге келіссеңіз, оның тірілгенін көруге болады. Тіршілік бір ғана күнге созылады. Және оның дәл қай күні болатынан ешкім де дөп басып айта алмайды. Әйтеуір, бір түні аңғардың қақ төбесіндегі бұлттар терең ұйқыда жатқан жерге аздаған ылғал төгеді де, тастар мен құмдақтардың арасынан миллиондаған қан қызыл гүлдер өсіп шығады. Таң атысымен бүр жарып, сұлуланған гүлдер түс ауған шақта қайтадан өлім құшағына енеді.

Ай алқабы - әлемдегі ең ғажайып жерлердің бірі екендігіне таласыңыз жоқ болар. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жататын туристер - бұл сөзіміздің айқын дәлелі бола алады.

Суреттер::freeszone.in.ua,joyreactor.cc,gandex.ru,positiveland.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева