Махаббат өзені

Махаббат өзені

Кавказ тауларының құшағындағы Архыз жерінде сұлулығы көз тартар жүрек пішіндегі көрікті өзен тығылып жатыр. Әлем елдері сұлу жаратылысты "Махаббат өзені" деп атайды екен. Қараңызшы, мұндағы мөлдір судың өзі осы Ұлы сезімнің тазалығы мен тереңдігін нышандап тұр емес пе?

Айналасын аспанмен таласқан асқар биік таулар мен ұзынды-қысқалы қырқалар мен қыраттар қоршап жатқан өзен көктем мезгілінің соңы мен жаз айларының басында ерекше құлпыра түседі. Архыздағы атышулы мекен - әлемнің ең таңдаулы романтикалық жерлерінің бірі әрі бірегейі. Жыл сайын өзенге қолұстасып келетін ғашықтардың, жас жұбайлардың санында шек жоқ.

Ел аузында тараған әдемі аңыздар ғашық жандар өзенге тиын немесе жүзік тастаса, Махаббат жүректерден ешқашан кетпейді деп сыр шертсе, енді біреулер суда шомылу керек немесе айызы қанғанша ішу керек дегенді айтады. Абыржымаңыз, өзен суы - өте таза.

Махаббат өзеніне жол тартқыңыз келсе, сізге теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікке көтерілуге тура келеді (Архыздың өзі 1400 метр биіктікте орналасқан). Көптеген туристер межелі жерге жету үшін аттың көмегіне жүгінеді екен.

Ендеше, Махаббат сезімі бей-жай қалдырмайтындардың қатарында болсаңыз, көгілдір көктем келісімен, Махаббат өзеніне жол тартыңыз!

Суреттер: onyriaresorts.com, golfholidays.com, today.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева