Оты сөнбес ойық

Оты сөнбес ойық

Бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Шегі мен шеті жоқ шөл дала... Қалың қабатты құм... Шақырайған күн... Адам баласы шыдай алмас ыстық... Сіз келе жатырсыз. Кенет жер астынан шығып жатқан отты көрдіңіз. Не айтасыз?

Бұл ешқандай да қиял емес, өмірде осындай таңғажайып жер расымен де бар. Ол - Түркіменстандағы Дарваз үңгірі. Жергілікті тұрғындар бұл өңірді "Тозақтың қақпасы" деп айтатын көрінеді.

Атағы көпке танымал Қарақұм шөлінің қақ ортасында орналасқан үңгірдің диаметрі - 60 метр болса, тереңдігі - 20 метрге жетеді. Құдықтағы газ жердің өзінен бірнеше факельдерге жарылып шығып жатыр. Жеке жалындардың биіктігі - 10-15 метрден асады.

Аталған "дүние кереметі" Түркіменстандағы Дарваз (Darvaza) деген жерде орналасқан. "Дарваз" сөзін аударғанда "есік" деген мағынаны білдіреді.

1971 жылы Түркіменстан геологтары газ өндіру мақсатында арнайы ұңғыманы бұрғылау жұмыстарын бастаған болатын. Олар қызу жұмыс барысында жерасты кавернасына (ауру салдарынан бұзылған органикалық жасушалардағы тесік, қуыс) тап болады. Бұрғылау мұнарасы да, басқа да құралдар да төменге түсіп кетеді. Бақтарына орай, ешбір қызметші зардап шекпеген.

Аз уақыттан кейін техногенді жанар таудың аузынан(кратер) табиғи газ шыға бастайды. Абдырап қалған геологтар ешкім уланып қалмас үшін оны жағып жіберген көрінеді. Міне, содан бері көшпенділер мен туристер қауымының үрейін ұшырып жүрген алау еш өшкен емес. "Газды құдықтың" құшағында қаншама табиғи шикізаттың жанып кеткенін ешкім де дөп басып айта алмайды.

Үңгірге таяу маңда тағы да осындай екі ойық бар. Бірақ, олар жанбайды және газ тегеуріні тым әлсіз. Тіпті, бір кратердің ішінде көгілдір түсті су ағып жатыр.

Бұл жердің қаңырап бос тұрғандығына, ел-жұрттың қарасы көрінбейтіндігіне таңырқамайтын шығарсыз. Жан-жануарлардың өзі сасық иістен қашып жүріп тіршілік етеді. Ал үңгірге үңілгісі келіп жақындаған адам сол сәтте өліп кетеді екен.

Суреттер:onyriaresorts.com, golfholidays.com, today.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева