Британиялық ит пен мысықтың достығы

Британиялық ит пен мысықтың достығы

Британияда иттер мен мысықтардың арасында достықтың бар екендігін айғақтайтын оқиға орын алды.

Бірде 87 жастағы Солтүстік Уэльстің тұрғыны Джуди Годфри-Браун көшеде қаңғып жүрген мысықты көзі шалып қалады. Оның бейшара кейпін көріп, жүрегі елжіреп кеткен әжей асырап алады. Зейнеткер осылайша үйіндегі соқыр иттің қасына тағы бір үй жануарын қосып алған еді. Айта кетелік, көзін шел басқан ит үйден шықпай, күні бойы бір орында жата беретін.

"Мен бірде ауладан үйсіз мысық тауып алып, асырап алдым. Ол маған сондай аянышты көзбен қараған еді. Менің жүрегім шыдамай, оны қасыма алдым. Бір қызығы бұл мысық үйге кіре сала бірден ұйықтап жатқан итке қарай бет алды", - деп сұхбат берді миссис Годфри-Браун сол кезді есіне алып.

Мысық осылайша, иттің қасынан шықпайтын болып алады. Шықпайтындығы былай тұрсын, ауру жануарға мейірім көрсете бастайды.

"Мен мұндайды ешқашан көрген емеспін. Ит пен мысық бір-біріне жаны қас жануарлар деп ойлайтынмын. Бірақ біздің үйде Поудитат пайда болғалы бері итім бұл мысықпен кәдімгідей достасып алды", - деп әңгімесін жалғастырды зейнеткер.

Әжейдің айтуынша, мысық итке шын жанашырлықпен қарап, оны жалғыз тастамауға барынша тырысады екен. Тіпті Терфелді баққа серуендеуге де шығарып тұрады екен.

"Ол итке үлкен мейіріммен қарайды. Басынан сипайды, иіскейді", - дейді Джуди.

Зейнеткер күннен күнге денсаулығының нашарлап, әлінің кетіп бара жатқанын да айтады. Оның айтуынша, болашақта үйіндегі көмекшілерін арнайы үйсіз жануарларды асырайтын орталыққа апарып тастауы мүмкін. Дегенмен қария айналасына мейірім шашып жүрген мысығына алғыс айтудан шаршамайды.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: koshkimira.ru (Терфел мен Поудитат)