Лондон қаласының көшелері

Лондон қаласының көшелері

Ұлыбритания елінің астанасы Лондон кез келген жанды таза көшелері мен көне ғимараттарымен баурап алады. Қала көшелерінде жүріп келе жатқан кезде, еріксіз сан мыңдаған туристерге назарыңызды аударасыз. Себебі, бұл қаланың әрбір көшесі, әрбір алаңы көрікті мекенге айналған.

Әрине, Лондонның мақтанышы болып саналатын Биг Бэн, Тауэр мен Тауэр көпір маңында қыдырып жүрген туристердің санында шек болмайды. Алайда, көптеген туристер қала көшелерінің бойында орналасқан көне ғимараттар, архитектуралық нысандар мен ескерткіштерді көруге ынтызар.

Көрікті мекендердің ең жаңасы 2000 жылы салынған болатын. Бұл – әлемдегі ең биік  «Лондон жанары» («London Eye») шолу дөңгелегі. Биіктігі - 135 метр. Алып шолу дөңгелегінде 32 кабина орнатылған. Әр кабинаға 25 адам міне алады. Шолу дөңгелегінің айналу уақыты – 30 минут.


Қаланың орталығында Пикадилли көшесі мен алаңы бар. Бұл мекен қаланың экономикалық орталығы болып саналады. Алаңда Антерос мүсіні мен субұрқағы орналасқан. Көше бойында әртүрлі дүкендер мен сауда орталықтары жұмыс істейді. Ал жарнамалық билбордтар мен жазулар көздің жауын алады.


Туристердің сүйікті мекендерінің бірі – Трафальгар алаңы. Алаң 1805 жылы жеңістің құрметіне салынған. Бұл алаңда Лондонның ұлттық галереясы орналасқан. Жаңа Жыл қарсаңында бұл алаңға қаланың басты шыршасы тұрғызылады.


Лондонның дүкендерге бай көшесі – Оксфорд-стрит. Жүздеген сауда дүкендері мен орталықтары орналасқан бұл көшеге сәнқой туристер жиналады.


Харли-стрит көшесінде емдеу мекемелері тұрғызылған. Ел аузында бұл көшені «медбикелер мен дәрігерлер көшесі» деп те атайды. Себебі, көше бойынан ақ халатты абзал жандарды жиі кездестіруге болады.

Эбби-роуд көшесін «шығармашылық көшесі» деп атайды. Бұл көшеге атақты топтар мен ұжымдар арнайы келіп, өз альбомдарын жаздырған. Тіпті, әйгілі “Beatles” тобы өздерінің соңғы студиялық альбомдарын “Abbey Road” деп атаған.


Атақты тыңшы Шерлок Холмс мұражайын көргіңіз келсе, Бейкер-стрит көшесіне жол тартыңыз. Бұл көшеде әлемдегі метропоитеннің алғашқы станциясы «Бейкер-стрит» орналасқан.


Ұлыбритания еліне баруды жоспарлап жүрсеңіз, алдын ала қамданғаныңыз жөн. Әуелі өз қалаңыздағы Ұлыбритания орталығына барып, виза рәсімдеңіз. Виза 10-15 күннің ішінде қарастырылады. Бұл сіздің Ұлыбританияға алғашқы сапарыңыз болса, құжаттарды тапсырып қана қоймай, елшіліктегі вице-елшімен жеке кездесуіңіз керек.

Суреттер http://www.3dnews.ru, http://www.dikarem.net, http://euroupe-turizm.ru, http://ecww.ru, http://no.wikipedia.org, http://www.jul-travel.ru ғаламтор беттерінен алынған.

Форумда талқылау

Ғ. Ұзақ