Сахара көзі

Сахара көзі

Мавританияның батыс бөлігіндегі Сахара шөлінде құрамы мен көлемі ерекше - Ришат Құрылымы аталатын ерекше мекен бар. Туристер арасында "Сахара көзі" немесе "Сахара Кіндігі" аталып кеткен таңғажайып құбылыстың көлемі таңқаларлықтай! Көз алдыңызға 50 шақырымдық көзді елестетіп көріңізші! Ғажап емес пе?!

Эллипс пішініндегі күмбез бір қарағанда су ойып кеткен табиғаттың төл тумасына ұқсайды. Тіпті, бір кездері бұл жерге метеорит құлаған деген пікірлер де айтылған болатын. Алайда, жалаңаш даладағы көз тартар "маржанның" сыры басқада екен. Ғалымдар "Көздің" жер эрозиясы нәтижесінде пайда болғандығын дәлелдеп шықты. Көздің ортасындағы шөгінді жыныстар кейінгі протерозой дәуірінде, ал шеткі бөліктеріндегі құмдақтар ордовик дәуірінде түзілгендігі анықталды.

Үш шақырымнан асатын Ришат ғарыштан өте жақсы көрінетіндіктен, орбитадағы ғарышкерлер үшін бағдар ретінде қызмет етіп келеді. Жалпы, мамандар "Көзді" ең алғаш рет осы ғарыштан көрген болатын.

"Сахара Кіндігінің" әлі де ашылмаған құпиялары бар: зерттеуші ғалымдар қаншама жылдардан бері Көздегі түрлі түстің қалай пайда болғандығын анықтай алмай отыр.

Ришаттың көлемі ғана емес, жасы да тым үлкен! Ғылыми деректер "Көздің" жасы 0,5-0,6 миллиардқа жеткендігін көрсетеді.

"Кіндіктің" орталығында туристерге арналған қонақ үй ұйымдастырылған. Қонақ үйде ауыз толтырып айтарлықтай сән мен салтанат жоқ болса да, келушілердің тілектерін толықтай қанағаттандыра алады. Мұндағылар көбіне араб тілінде сөйлейді. Француз тілін жетік білетін болсаңыз да, жарап жатыр. Айтпақшы, өзіңізбен бірге ыстықтан қорғайтын ыңғайлы киімдерді ала баруды ұмытпаңыз.

 

Суреттер:videla.ru,kirano.ru,worldplaces.ru,danilko5.beon.ru,lightsup.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева