Ұшқан оқты қақ бөлген...

Ұшқан оқты қақ бөлген...

Өмір - адам қолынан келе бермейтін тек Голливуд фильмдеріндегі супер батырлар ғана  бағындыра алатын нәрселерге толы. Солардың бірі - атылған оқты семсермен қақ жару. Қиял болып көрінгенімен, жақында ғана Исао Мачии есімді жапондық жігіт осы трюкті керемет орындай алды – ол пневматикалық қарудан атылып, сағатына 300 км жылдамдықпен ұшқан пластикалық кішкене шарды өзінің семсерімен қақ бөлді.

Бүгінде Мачии самурай мектебінің басшысы ретінде қызмет атқарады және өз шәкірттері алдында маңдай алды ұстаз. Сонымен қатар, бүкіл әлемді өзінің дәлдігімен таң қалдырған Исао Гиннес рекордтар кітабына да енді, ал оның катананы игергені соншалық, семсершілер арасында «жеңілмейтін самурай» атағына ие болған.

Жақында америкалық бір кинорежисер мен Калифорния мемлекеттік университетінің докторы Рамани Дурвасуле Мачиидің кішкене оқты қақ айырып тастау трюгін тамашалау үшін оны Лос-Анджелес маңындағы атыс алаңына шақырады. Аталған трюкті жай көзбен көру мүмкін болмағандықтан, трюкті бейнетаспаға жазу үшін баяу қарқынды түсірілім қолданылады. Нәтижесінде Исао қас-қағым сәттің ішінде тапаншаның даусын естіп, асқан шеберлігінің арқасында семсерін дәлме-дәл оқтың ұшу бағытына қарсы қоя білген.

Аталған процесті видеодан көргенде пластмассадан жасалған кішкене шар қылыш жүзіне тиіп барып, бірнеше бөлікке бөлінгені байқалған. Самурайдың трюгіне қайран қалған Рамани Дурвасуле «Бұның бәрі әлдеқайда басқа, көп адамның қолы жетпейтін сенсорлық деңгейде болды, себебі Исао объектіні көрмей-ақ, оны бағындыра білді», - дейді.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: aneka-sains.blogspot.com 

А. Құлтай