Көңіл-күйдің мұнарасы

Көңіл-күйдің мұнарасы

Голландиядағы Дутинхем қаласының орталығында аса ерекше ескерткіш бар. Өзіңіз көз жүгіртіп қараңызшы! Сіздің ойыңызша бұл мүсін неге ұқсайды? Алып тіске ме? Тамшыға? Қателестіңіз!

Шындығында, бұл тылсым мүсін адам жүрегіне қатты ұқсайды. Жо-жоқ! Қаланың жүрегі дегеніміз дұрыс болар...

D-tower - қала тұрғындарының тапсырысымен тұрғызылған мүсін. Мұнара кейпінде соғылған биік құрылыс адамдардың көңіл-күйіне байланысты түсін өзгертіп тұрады. Жобаның арнайы сайты бар. Түсін сонда қойылған сұрақтардың жауабына байланысты ауыстырып тұрады. Компьютер базасында 360 сұрақ бар және жүйе әрбір күні соның төртеуін таңдайды. Мүсін махаббат, қорқыныш, жек көрініш деген сезімдерді жақсы таниды.

Мәселен, сұрақ: Сіз өз серігіңізбен бақыттысыз ба? Мүмкін болған жауаптар: өте, иә, онша емес, сәйкес келетін жауап жоқ. Әр жауаптың өзіне лайықты балы бар. Арнайы жүйе барлық жауаптарды сараптап, бір түсті белгілейді. Қызыл түс - махаббат, көк түс - бақыт, сары - қорқыныш, жасыл - жек көру т.б.

Тағы бір ерекшелігі, мүсінге қарап қаланың қай ауданы махаббат сезіміне шомылып жүр, қай аумақ бақыт құшағында немесе қайғыға душар болып тұрғанын анықтауға болады.

Бұл ерекше жобаны құруда сәулетші Ларс Спейбрук басқарған үлкен динзайнерлік топ жұмыс істеген. Құрылыс жұмыстары 2004 жылы аяқталған болатын.

Мұнараның төменгі жағында романтикалық хаттар мен сыйлықтар тастап кетуге болатын почта жәшігі бар. Аманат иесіне міндетті түрде жеткізіледі. Және ең әдемі сыйлықтар немесе әсерлі хаттар жазған авторлар жыл соңында 10 000 еуро көлемінде сыйақы алады.

Суреттер:nichlich.wordpress.com,mcnportal.ru,shine.md

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева