Нью-Йоркті дүрліктірген кит жан тапсырды

Нью-Йоркті дүрліктірген кит жан тапсырды

Нью-Йорк жағалауына шығып қалған финвал-кит өліп қалды.

Жергілікті өрт сөндірушілер осы уақытқа дейн қиналып жатқан киттің үстіне теңіз суын құйып, су жануарының өмірін сақтап тұруға тырысты. Кит қатты арықтап қалған еді. Сонымен қатар, денесіндегі көптеген тілімдер мен жарақаттардың себебінен қатты қиналып жатты.

Сәрсенбі күні кешке қарай мамандар ауру китті мұхитқа қарай итеріп, суға аттандырып жіберген болатын. Дегенмен таңертең ол жағаға қайта шығып қалды.

Кеше дәрігерлер киттің ауруға шыдамай, өліп кеткендігін айтты.

Соңғы кезде алып киттердің Нью-Йорк жағалауына ұмтылуы жиілеп кеткендігін айта кетелік. Киттердің тіршілігін 40 жылдан бері зерттеп келе жатқан профессор Кристофер Кларктың айтуынша, бұл аймаққа бірнеше жыл бұрын 50-ге жуық кит тұрақты тірлік қылуға келген. Алып жануар қала жағалауында алғаш рет 2008 жылы көрінді. Бұндай құбылысқа мегаполис тұрғындары қатты таңырқап, сол жылы бүкіл БАҚ шулаған болатын. Верразано-бридж маңында жүзіп жүрген китті жергілікті жағажай қауіпсіздік қызметкерлері үздіксіз бақылауда ұстап, киттің соңынан бірге жүзіп отырған еді.

ва

Финвал-кит

Кейбір ғалымдардың айтуынша, су тұрғындары бұл маңнан кит аулаушылардан тығылуға ыңғайлы орын тапқан.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін 26 желтоқсан күні Нью-Йорк қаласының маңындағы жағажайға 18 метрлік алып финвал-кит шыққандығын айтып едік. Су тұрғынын жақын маңда серуендеп жүрген жүргіншілер байқап құтқару қызметіне хабар берген еді. Оқиға орнына жеткен мамандар жануардың тірі екендігін анықтаған болатын.

Құтқарушылар. Нью-Йорк, 26 желтоқсан.

Осы орайда, АҚШ-тың мұхит және атмосфералық зерттеулер ұлттық орталығының (NOAA) мамандары жануардың жағдайы кешке дейін жақсармаса (Алматы уақытымен 28 желтоқсанның таңертеңгі мезгіліне дейін) оны қолдан өлтіруге тура келетіндігін айтып еді. Бұл қадам "ауыртпашылықтың азабын тартып жатқан жануарға мейірім" тұрғысынан жасалады деп жоспарланған болатын.

Финвал - үлкендігі жөнінен жер бетіндегі жануарлардың ішінде көк киттен кейінгі екінші орында тұрған су тұрғыны. Финвал-киттер қазіргі кезде жер бетінен жойылып бара жатыр. Айта кетелік, бұл кит ең төменгі тембрдегі дауыс шығаратын жануарлардың қатарына кіреді.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: arnapress.kz, earth-chronicles.ru