Лувр мұражайы рекорд жаңартты

Лувр мұражайы рекорд жаңартты

Еуропаның атақты мұражайы Лувр 2012 жылы ең көп қонақ келген орын болып тіркелді. Жыл басынан бастап Лувр кассаларында 10 миллион билет сатылған. Бұл дегеніңіз бұдан бұрынғы көрсеткіштен мөлшермен 1 миллионға көп деген сөз. Аңызға айналған мұражайдың қонағы болып әлемнің әр түкпірінен адамдар ағылыпты.

Өтіп бара жатқан жыл Париж қаласында орналасқан Лувр мұражайы үшін бірнеше жаңалығымен есте қалмақ. Күзде мұражайдың ислам жәдігерлері сақталатын арнайы орны ашылған болатын. Луврдың ішкі аулаларының бірінде арнайы павильон жұмыс жасаған еді.

Жаңадан ашылған алаң 3000 шаршы метрді құраған. Онда мұсылман елдерінен әкелінген құнды жәдігерлер қойылған болатын. VII–XVIII ғасырлардың қазірге дейін сақталған мұраларын әркім-ақ бұл жерден көре алатын болды. Сол жаңалықтан кейін 3 ай көлемінде 650 мың адам қонақ болып қайтқан.

Көрме алаңдарының арасында аңызға айналған шебер Леонардо Да Винчидің реставрациядан өткен «Әулие Анна» туындысы сұраныста болды. Бұдан басқа, Рафаэльдің де кейінгі туындылары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бірінші көрмеге 305 мың адам келсе, екіншісіне 310 адам қонақ болыпты.

Бір қызығы, Лувр француздарға емес, Бразилия мен АҚШ азаматтарына қызықты көрініпті. Мұражайға дендеп келушілер деп қытайлықтарды айтуға болады. Сонымен қатар, кешен әкімшілігі қонақ болып келушілердің басым көпшілігі отыздан аспаған жастар болып отырғанын айтып марқайды.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: lifeglobe.net

А. Құлтай