2018 жылы саяхатшылар ең көп барған қалалар анықталды

2018 жылы саяхатшылар ең көп барған қалалар анықталды
Фото: chistoprudov.livejournal.com

Euromonitor International сараптау компаниясы биыл ең көп турист барған қалалар рейтингін жасады. Сараптау нәтижелері бойынша, бірінші орынды Гонконг қаласы иеленді. Бұл қалаға жыл басынан бері 29,8 миллион адам саяхаттап барған екен.

Компания сараптамасына 600 қала іріктілген, олардың арасынан ең үздік деп табылған 100 қала тізімге енгізіліпті. Мамандар рейтинг түзген кезінде қалада кем дегенде 1 күн болған туристерді есепке алған. Ал жергілікті саяхатшылар, шетелден келетін жұмысшылар мен студенттер статистикаға енгізілмеген. 

Зерттеушілердің айтуынша, Гонконгда Чжухай-Макао-Гонконг көпірінің ашылғандығы мен жүрдек пойыздардың іске қосылғандығынан кейін туристердің саны күрт артқан. 

Екінші орынды Бангкок (23,7 миллион) иеленсе, үштікті Лондон қаласы (20,7 миллион) қорытындылаған. 

Бұдан басқа ондықтан Сингапур, Макао, Париж, Дубай, Нью-Йорк, Куала-Лумпур және Қытайдың Шэньчжэнь қалалары орын алған. Статистика көрсеткендей 2018 жылы саяхатшылар ең көп келген қалалардың алтауы Азияда орналасқан. 

Кәрі құрлықта туристер ең көп келетін қалалар – Стамбұл, Рим, Анталия, Прага, Амстердам, Барселона, Милан және Вена. Ал АҚШ-тың Майами, Лос-Анджелес, Лас-Вегас, Орландо және Сан-Франциско қалаларына биыл саяхаттап келушілердің саны артқан. Биыл 1,4 миллиард адам әлем аралаған. Бұл былтырғыға қарағанда 5 пайызға артық. 

Еске сала кетейік, Euromonitor International (EI) - ағылшындық компания  ол өнімдер мен қызметтерді талдайды және сатады. Жыл сайын туристер арасында ең танымал қалалардың рейтингін түзеді.

Т. Раушанұлы