Қазақстанда: "Қызыл өрік", Америкада: "Қызыл жастық"

Қазақстанда: "Қызыл өрік", Америкада: "Қызыл жастық"

Балалық шағыңызда ата-әжеңіздің аузынан естіген немесе кітаптардан оқыған жастыққа басын қойса ұйықтай алмайтын сұлу ханшайым туралы ертегі есіңізде ме? Ару қыз аса қалың құс жастықтың астында жатқан кішкентай ғана бұршақтың бір дәнінің кесірінен көз іле алмаушы еді ғой...

Әттең-ай, ол кезде ханшайымның жанында Жеральдо Зампрони болмағанын қараңызшы! «Неге?» дейсіз бе? Өйткені бразилиялық атақты сәулетші Жеральдо бұршақ түгілі, темір арқау немесе темір бетон болса да, ұйқы құшуға болатын алып жастық жасап шығарды.

Әрине, Жеральдо Зампронидің қолынан шыққан қызыл түсті алып жастықтар біреудің ұйықтауы үшін жасалмаған. Бұл туындыны безендіру құралы деп атағанымыз жөн болар. Өйткені, бұл қызыл жастықтар арқылы кез келген, тіпті, ең ұсқынсыз ғимараттың өзін ерекше әрі әсем етіп безендіруге болады.

Әзілхан Нұршайықовтың атақты «қызыл көрпесін» еске салатын «қызыл жастықтар» Art in odd places көрмесінің бағдарламасы бойынша бірнеше күн бұрын Нью-Йорк қаласының 14-көшесіндегі ерекше ғимараттың алдына қойылды.

Жеральдо Зампрони бұған дейін мұндай туындыларын Бразилия, Аргентина, Перу және Испания жерлерінде өткен көрмелерде ұсынған болатын.

Автор тілішлерге берген сұхбатында: «қызыл жастық секілді ерекше дүниелер адамдарды көздері үйренген орындарға басқаша көзқараспен қаратуы тиіс. Бірқалыпты және қарапайым көріністен шаршаған пенденің көңілін көтере алсам – менің мақсаттарымның орындалғаны»-деп айтып өтті.

Суреттер:kulturologia.ru,artleo.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева