Миллион пілдер патшалығы

Миллион пілдер патшалығы

Миллион пілдер патшалығы... Қадым замандарда біз білетін Лаос мемлекетінің «Ланг Санг» деген атауы дәл осындай мағынаны білдірген екен. Бұл атау күні бүгінге дейін жойыла қойған жоқ. Өйткені, қазіргі таңдағы туристер қауымы Лаосқа «Азияның ең құпиялы елі» деген атақ таққан. Қандай құпия дейсіз бе?

Ежелгі ғибадатханалар кешені, мәдениет пен өнердің қайталанбас үлгілері, әсемдігі шексіз заңғар таулар мен мөлдір сулы өзендері, арасында адам жүре алмайтын джунглилері, экзотикалық жануарлар мен өсімдіктері – бәрі де Лаостың шешілмеген жұмбақтары...

Ал сіздің Лаостың жұмбақтарын бізбен бірге шешкіңіз келе ме? Олай болса, бізбен болыңыз.

Тат Куанг Си сарқырамасы

Тат Куанг Си сарқырамасын Луангпхабанга қаласынан 32 шақырым жерден көруге болады. Сарқырама 54 метр биіктіктен құлап ағады. Сарқырама суы көптеген дертке шипа болған. Жергілікті тұрғындар сарқырама маңында өсетін өсімдіктердің емдік қасиетінің молдығын айтып жатады.

Пак Оу үңгірі

Лаостың ең көрікті орындарының бірі десе де болады. Аталған үңгірде осыдан 300 жыл бұрын жасалған ескерткіштер сақталған. Үңгір үстіңгі және астыңғы деген екі бөлікке бөлінеді. Астыңғы бөлігінде құлшылыққа арналған түрлі-түсті шырақтар бар. Егер бұл үңгірге барғыңыз келсе, қайықтың көмегіне жүгінбесіңізге болмайды.

Құмыралар алқабы

Лаостың құпияға толы мекендерінің бірі – атақты құмыралар алқабы. Бұл жабайы мекен Лаостың солтүстік-шығысынан орын тепкен. Алқапта көненің көзі саналатын көптеген құмыралар бар. Екі мыңдай жасы бар құмыралардың саны өте көп. Көпшілігі цилиндр, сопақ, тіктөртбұрыш пішіндес келеді.

Ват Сиенг Тхонг

Ват Сиенг Тхонг немесе «Алтын монастырь» - патшалық ғибадатхана. Ол Луангпхабанг қаласындағы Меконг  және Нам Кханг өзендерінің аяқталар тұсында орналасқан. XVI ғасырда негізі қаланған бұл ғибадатхана өзінің таң-тамаша сәулеті мен биік шатырларының арқасында Лаостың ең сұлу ғимараты деген атаққа ие.

Алдарыңыздағы мына бір Тат Макмо немесе Ват Висуналат деп аталатын алып ғимарат Пхуси белесіне таяу жерде орналастырылған.

Пха Тхатлуанг – Лаостың нышаны

Лаостың астанасы Вьентьяня қаласына таяу маңда елдің елтаңбасында бейнеленген - Пха Тхатлуанг атты алып ғимарат бар. Ғимаратты XVI ғасырда  Сеттхатхират атты патша тұрғызған деседі. Ғибадатхананың тұла бойы тарихқа тұнып тұр. Оны қоршап тұратын ерекше бақ ұйымдастырылған. 1995 жылы Пха Тхатлуанг ғибадатханасына толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Суреттер:my-fresh.ru,tourister.ru,prirodadi.ru,mytourstory.ru,esosedi.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева