Америкада миллионерлер қалай тәрбиеленеді?

Америкада миллионерлер қалай тәрбиеленеді?

Адам қалай бай болады? Байлықтың барлығы өзгелер үшін істелген қызметтің қарымтасы. Егер сіз болашақ бір дәуірдің көсемі болғыңыз келсе, «өзгелер үшін өгіз күшін аямайтын» адам бола білуді үйреніп алуыңыз қажет.

Бүгінде «келесі буын» байларын тәрбиелеу курсы көптеп ашыла бастады. Сабақтары қазына хабарларына талдау жасаудан бастап, халықаралық сауда, базардан бағын сынаған серіктіктердің бейнесі, гольф добы, ат өнері, шай демдеу шеберлігі, халықаралық қарым-қатынас тактикасы, мемлекет мәдениетнамасы және образды киіну мен салауатқа дейінгі сан саланы қамтиды. Кейбіреулерінің оқу қаражаты 100 мың долларға дейін барады. Айталық, қытайдың Жы Жияң университеті қала институты кәсіпорыншылар әулетінен шыққан 29 оқушыны «сұрыптап» алып, «Тың кәсіптің шаңырағын көтеретін дарындыларды жетістіру курсын» ашып, «Мырзалар класы» және «Бай-манап перзенттері класы» деп атады. Шаң-Хай қатынас университеті де Шаңхай жоғары оқу орындарының ішіндегі алғашқы болып, «Келесі буын байларын тәрбиелеу» курсын ашып, Американың құрлық армия офицерлер мектебі, Еуропа сауда институты қатарлы даңқы жер жарған мектептермен бірлесіп, «Келесі буын байларды» тәрбиелейміз деп дүрсілдеді. Сөйтіп, бұл мектеп үш жарым жыл бойына жұмыс жүргізді.

Міне, осындай алуан түрлі «Келесі буын байларының» тәлім-тәрбиесі басталды.  Шындап келгенде, Қытайдың «Келесі буын байларын» тәрбиелеуге әлі де күші жетпейтіндігін түсіндіріп берді. Алдымен байыған бір буын, байып алған соң, көп өтпей, қалай да «келесі буын байлардың» із басуы мәселесіне дөп келді. Джон Рокфеллер, Форт қатарлы әулеттердің барлығы 100 жылдан артық тарихқа ие. Егер Ұлыбританияның дәстүріне зер салатын болсақ, олардың «Келесі буын байлар» тәлім-тәрбиесіне бірнеше жүз жыл болыпты. Мысалы, олардың ақсүйектер мектебінің табалдырығынан аттауы өте қиын болып, осы мектептер тек екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана мол оқу қаржысы арқылы қоғамның әр қайсы жік перзенттеріне есігін айқара ашса да, осы ақсүйек мектептерінің басым көп оқушылары баяғыдай бай отбасылардың балалары болды.

Жақында ғана «Бостон әлем газетінің» бір хабарында, Америка астанасы Вашингтондағы бір ардагерлер діни қоғамының ұлдар орта мектебіндегі тәлім-тәрбиесі туралы әңгіме шертілген. Бұл орта мектеп тағылымы – өзгелер үшін қызмет істейтін адам болу. Оқушыларды «өзгелер үшін жұмыс жасайтын адам» етіп тәрбиелеу үшін барлық мектеп бітіретін кластардың оқушылары аз болғанда 40 сағат қоғамдық қызмет еткенде ғана мектеп бітіре алады. Төмен жылдықтағы оқушыларға қатаң талап қойылмағанымен, тұтас мектеп дағдысының ықпалының арқасында олардың да басым бөлігі қоғамдық жұмыс жасауға белсене араласады. Бұның ішінде негізгі бір қызмет өтеу түрі – сергелдеңдерді құтқару орталығына барып, баспанасыздарды тамақтандыру. Ал осы мектептер сергелдеңдерді құтқару орталығын мектеп ішінен құрған. Осы балалардың көбі үйлері түгел бай-манаптар ауданында тұратын бай шаңырақтың балалары болып, бұрын жоқшылықты естігені болмаса, кедейліктің қандай болатынын өңі түгілі, түстерінде де көрмегендер болатын. Құтқару орталығына барып қызмет өтеу – оларға өтілетін алғашқы сабақ. Сондағы қаңғыбастардың көбі ішімдік тұтынушылар, одан қалса, ақыл-есі қалыпты емес адамдар. Оларды «Иманға» келтіріп, төтеп беру оңай шаруа емес. Әлдебір қаңғыбас: «Кофеме 6 қасық қант салып бермедің»,-деп бір оқушының жеті атасын желдей көшіріп, тұрпайылықпен тілдейді. Кейбір оқушылар түскі үзіліс кезінде келіп қызмет етсе, кейбірі тіпті құтқару орталығына бірер апта жатып, әр түрлі тағам даярлауға қолғабыс етеді. Тамақ әкеліп беруге жауапты болған, 15 жастағы бір ұл бала, тамақ алу үшін қатарға тұрған адамдардың барлығының еңсесі түсіп, көздерімен жер шұқып, бетке қарап бір ауыз тіл қатпайтындығын байқап, басының дымы кеппеген бала болса да, адамдық ар-ұжданның не екенін түсіне қойып, кезіккен адамдармен: «Қалай, күндеріңіз көңілді ме?»,­­- деп жадырай амандасады. Олар да, алғашында мұндай жылы лебізге аңтарылып барып, күлімсіреп: «Жаман емес», - деп жауап қайырады екен.

Міне, бұл аты-затына сай «Келесі буын байлар» тәлім-тәрбиесі. Ырыс құт – өзгелерге қызмет, құрмет етудің қарымтасы. Сондықтан, ырыс алды – өзгелерді түсіну. Бай отбасы балаларының өз басы мен өзгелерге қайыр қыла алмауынан алаңдап, көптеген қаржы жұмсап, бай тұрмыс ортасындағы балаларына шынайы өмірді көрсетіп, оларға адамдық ар-намыстың не екендігін, қалай болғанда ұжданды азамат бола алатындарын ұғындырады.

Гольф добы, ат өнері, шай дәмдеу шеберлігі, мемлекет мәдениетнамасы және образды киіну мен мәртебе қатарлы сабақтар арқылы «Келесі буын байларды» тәрбиелеу, шыны керек, «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегенге тәрбиелеу ғана! Бірақ, сіз келешек бір дәуірдің көсеміне айналғыңыз келсе, «Өзгелер үшін өгіз күшін аямайтын адам болуды» қалай да үйрене білуіңіз керек.

Дайындаған: Алшын Матай

сурет: vitamarg.com, bloginblog.ru

Қ. Қауымбек