Әлемдегі ең әдемі құстар

Әлемдегі ең әдемі құстар

Құстардың бәрі әдемі. Дегенмен, сұлулығы жөнінен ешбір құсқа дес бермеймін дейтіндері де жоқ емес. Біз мына сұлулықты көріп отырып, бірінші мына құс әдемі, екінші орын мына құста деп нөмір таққымыз келмейді. Жаратылыстың шеберлігіне еріксіз таңдай қағып, әлемдегі ең әдемі құстарды назарларыңызға ұсынамыз. 

Тауыс. Құстардағы көркемдіктің төресі, хас сұлулық пен тәкаппарлықтың символы. Көптеген елдер бұл құсты патшалықтың, әулиеліктің белгісі ретінде құрметтейді. Отаны Оңтүстік Азияда тауысты барыс пен жылан сияқты қауіп-қатер жақындап келе жатқанда, ескерту беретіні үшін жоғары бағалайды. 

Аққу. Махаббат пен сенімнің, тазалық пен кіршіксіздіктің белгісі. Аққулардың есте сақтау қабілеті өте жақсы дамыған. Сол арқылы олар өздеріне жасалған жамандық пен жақсылықты үнемі ажырата алады. Көбіне ата аққу мен ұрғашы аққу өздерінің ұрпақтары үшін бірігіп ас іздейді.

Жұмақ танаграсы. Бұл құстың екінші аты "Жеті түсті құс". Өн бойына ең әдемі түстерді жағып жаралған ерекше құс сулы ормандарда тіршілік етеді.

Мандаринка. Ең әдемі үйрек. Басқа үйректерден сыртқы сұлулығымен ғана емес, өзгеше дауысымен де ерекшеленеді. Ширақ қимылдайтын, сақ құс. 

Балықшы құс. Жарқын түсті, тұмсықты, шағын құс. Екінші аты "Ұшатын асыл тас". Балық аулағанды "жаны сүйетіндіктен" біз оны "балықшы құс" деп атаймыз. Ұсақ балықтардан бастап, 6 см-лік балықтарды да өте оңай аулайды. Көбіне жалғыздықты қалайтындықтан, балықшы құс көзге түсе бермейді. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Суреттер: mota.ru, bigpicture.ru, lifeglobe.net,

bigpicture.ru, symbolsbook.ru, liveinternet.ru

М. Оңғарова