Сиқырлы үңгірге бірге барайық!

Сиқырлы үңгірге бірге барайық!

Сізді жаздың аптап ыстығы әбден шаршатты ма? Жүктеріңізді жинаңыз да, бізбен жүріңіз! Бүгін біз сіздермен сонау алыстағы Исландия жеріндегі көңіліңізді жайландырып,  естен кетпес әсер сыйлайтын  керемет мекенге саяхат жасайтын боламыз. Олай болса, кеттік!

Исландияның Skaftafell атты табиғи саябағында орналасқан мұзды үңгірлер сізді қандай ыстықтан болсын оп-оңай құтқаратындығына кепілдік береміз. Иә, иә, мұзды үңгір! Бала кезде, "сырты - қатты, іші - тәтті" деп жасыратын жұмбағымыз секілді, алыстағы үңгірдің сыртынан қарасаң, ішінде осындай сиқыр бар деп еш ойламайсыз.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін миллиондаған туристерді естерінен айырардай таң қалдыратын үңгірлер сан мың ғасырдан бері келе жатқан мұз қатпарларынан құрылған.

Сұлулығы таңдай қақтырар ерекше үңгірді құрайтын мұздықтардың «нығыздалғандығы» соншалықты, араларынан ауа өтетін бірде-бір тесік жоқ. Ауаның жоқ болуынан үңгірдің қабырғалары барлық жарықты жұтып қояды да, нәтижесінде көгілдір түс пайда болады. Көгілдір түстің әсерінен Skaftafell үңгірінің жақұттан жасалғандай болып көрінетіндігі – туристерді қызықтыратын бірден-бір нәрсе десек артық айтқандық емес.

Алайда, бұл құбылысты кез келген маусымда көре алмайтындығыңыз тағы бар. Қыстың күндері жаңбыр тамшылары үңгірдің үстіңгі бөлігін жуып кетіп жатады да, нәтижесінде үңгірдің қабырғалары мен төбесінің түсі өзгеріп, жай ғана асыл тастарға ұқсас кейіпке енеді. Сондай-ақ, аталған құбылысты суда аударылып жататын түрлі-түсті көшпе мұздардан да (айсберг) көруге болады, олар да сыртынан көгілдір түсті болып тұрады.

Үңгір қалай пайда болды? Бұл сұраққа мамандар жасаған тұжырымдармен жауап беріп көрейік. Олардың айтуынша, жаңбырдың және еріген қардың суы үңгір қабырғаларындағы жұқа ғана мұздықтарға жиналып қалып, желді немесе аязды күндері қатпар-қатпар болып қатып қалған. Ал қарқыны күшті селдердің әсерінен мұзды қабырғалар ойылып, әр түрлі көлемдегі үңгір жолдары пайда болады. Сиқырлы үңгірдің қабырғалары мен төбелері көгілдір түске боялса, үңгір едені – қошқыл және бұлыңғыр реңді иемденген.

Суреттер:kulturologia.ru,bambooclub.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева