Голливуд белгісін бір көруді армандайтындар аз емес

Голливуд белгісін бір көруді армандайтындар аз емес
Фото: yk.kz, hollywood.dpethotels.com, airlines-inform.ru, news.headline.kz

Голливуд белгісі Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласында орналасқан. Белгі әу баста жаңа тұрғын үйлерге жарнама жасау мақсатында 1923 жылы қойылған. Тау үстіндегі ақ әріптер бүгінде әлемге танылып, АҚШ киноөндірісінің символына айналып кетті. Ол теңіз деңгейінен 491 метр биіктікте Маунт-Ли атты тауда орналасқан. Голливуд – қаладағы ауданның аты. Бұл ауданда көптеген киностудия орналасқан. Әлемге танымал актердің көбі осы ауданда тұрады. 

Алыстан мұнартып көрінетін алып белгіні бір көруді арман ететіндер аз емес. Ол қойылғаннан бері қызықты да қайғылы оқиғалардың куәсі болды. Белгіні заманға сай қауіпсіздік жүйесі күзетіп тұр. Дегенмен түрлі ауа райы белгіге сызат түсірмей қоймады. 1978 жылы 9 демеуші 27 мың 777 доллардан шығарып, әріптерді 250 мың долларға ұзаққа шыдайтын австралиялық болаттан құйдырды. 

Белгінің әлем бойынша көптеген көшірмесі бар. Мысалы, Қазақстанның Өскемен қаласындағы Аблакетка тауында теңіз деңгейінен 522 метр биіктікте "Қазақстан" деген алып жазу тұр. Өскемен қаласының әкімдігі бұл жазуды жасырын қалуды жөн көрген екі компания орнатып бергенін айтады. 

Бұндай белгі Көкшетау қаласында да бар. Ол 2012 жылы орнатылған. 

М. Оңғарова