Тұңғыш саяхатшы-ғарышкер

Тұңғыш саяхатшы-ғарышкер

Сіздің әлем тарихындағы тұңғыш ғарышкердің Ю.А.Гагарин немесе қазақтың тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіров екендігін білетіндігіңізге күмәніміз жоқ! Ал сіз әлемдегі тұңғыш саяхатшы-ғарышкердің кім екендігін білесіз бе? Білмесеңіз, бүгін біз дәл осы тұлға туралы әңгіме қозғамақпыз.

Деннис Энтони  Тито 1940 жылы тамыз айының сегізінші жұлдызында Нью-Йорк қаласында дүниеге келген.  Әлемдегі ең алпауыт фирмалардың бірі - Wilshire Associates фирмасының меңгерушісі, американдық беделді кәсіпкер әрі мультимиллионер 2001 жылдан бері әлем тарихындағы тұңғыш саяхатшы-ғарышкер деген атаққа ие болып келеді. Қалай дейсіз ғой?!

Бұл атаққа ие болу үшін мультимиллионердің аз қаржысы жұмсалған жоқ. Ол өзінің сапарына жиырма миллион доллар жұмсаған көрінеді. Тито  Жер планетасын  орбита бойымен 128 рет айналып өткен. Әрбір айналымның  бағасы 150 мың долларды құраған. Кәсіпкер жұмсалған ақша үшін бір сәт те өкінбегендігін айтады.

Тито өмір бойы ғарыш саласына қызығушылық танытып келген. Оның  ғарыш технологиясы және ғарышкерлік саласында алған жоғары білімі мұның айқын дәлелі  бола алады. Деннис Тито өмір бойы кәсіпкерлік  саласында еңбек етіп келсе де, өзінің бала кезінен бергі қызығушылығынан бас  тартқан емес. Ұзақ жылдар бойы АҚШ пен КСРО-ның ғарыш саласындағы жетістіктеріне қуанып, сәтсіздіктеріне қолдау көрсетіп отырған. 2001 жылы сәуір айында алпыс жасқа шыққан шағында Қазақстан жеріндегі аты аңызға айналған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан көкке ұшып, өз арманын ақиқатқа айналдыра білді.



Деннис Тито бұл сапарға 8 ай бойы дайындалған. Саяхатшыға тек қана физикалық дайындықтар емес, автоматика істен шығып қалған жағдайда жүргізілетін шараларды меңгеріп, ғарыш кемесін басқару негіздерін үйренуге тура келді. Ол сапар алдында тапсырған емтиханында бірде-бір қателікке жол бермей, өзінің экипаждан орын алуға лайықты екендігін дәлелдеп шықты.

Дегенмен, сапар тосын жағдайларға толы болды. Шарықтау барысында күтпеген жерден Титоның жүрегінде қиындықтар туып, оған қоса басын кеменің есігіне соғып алып, ауыр соққы алады. Екі жағдайда да алғашқы көмекті қазақтың батыры, белгілі ұшқыш Талғат Мұсабаев көрсеткен. Осының нәтижесінде Деннис Тито Талғат Мұсабаевқа «baby-nurse number 1» («ғарыштың нөмірі бірінші күтушісі») деген атақ берді. Осы сынды шытырман оқиғаларға қарамастан, Тито өз сапарына кереметтей риза болып оралды.

Жер бетіне оралған саяхатшы-ғарышкер: «Бұл менің өмірімдегі ұлы оқиға. Мен қол жетпес көкте болдым және періште секілді көктен Жерге қарадым. Өміріме қауіпті сапар екендігін өте жақсыбілдім және барлық жамандықтарға іштей дайындалдым. Алайда, қанша қиын болса да алты күн бойы ғажайып сәттерді бастан өткердім!»-деп әлемге жар салды.

Суреттер: en.wikipedia.org, samogo.net, zimbio.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева