Жыртқыш гүлдер

Жыртқыш гүлдер

Әлемтану айдары бүгін өз оқырмандарына жер бетіндегі ең құпиялы және ең жұмбақ өсімдіктер – жыртқыш гүлдер туралы  әңгімелейтін болады. Ал сіздің осы бір тылсым жаратылыс иелері туралы бұрын-соңды естуіңіз бар ма?

Әдетте өсімдіктер күн сәулесінен, сонымен қатар тамыры арқылы топырақтан  нәр алып өседі. Ал шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаларды аулап, соларды қорек ететін таңғажайып өсімдіктерді табиғат ананың тағы да бір таңдай қақтырар құдіреті екендігін мойындамасқа шара бар ма?

Жыртқыш гүлдер әдетте Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Азияда, Африка мен Аустралияда жиі ұшырасады. Алайда таңсық әрі ерекше өсімдіктерді сүйетін көпшіліктің бағына орай қазіргі таңда мұндай «сүйкімді жыртқыштарды» қарапайым пәтерде де өсіруге мүмкіндік туып отыр.

Барлық жыртқыш гүлдерді өз олжаларын ұстау жолдарына қарай үш үлкен топқа бөліп қарастыруға болады: 1)тұзақ-өсімдіктер; 2) жабысқақ-өсімдіктер; 3)құмыра-өсімдіктер;

Сонымен ең кең таралған жыртқыш гүлдермен таныс болыңыздар:

Шыбыншы Венерина

Бұл өсімдіктің атауы - өсімдіктер мен махаббаттың патшайымы Венераның құрметіне берілген. Ағылшынша атауы: Venus flytrap. Олар табиғатта өрмекші, құрт-құмырсқа және ұлулармен қоректенеді. Негізінде бұл өсімдіктер АҚШ-тың Атлантикалық жағалауындағы (Флорида штаты, Оңтүстік және Солтүстік Каролина, Нью-Джерси) ылғалды климатта өседі. Сондай-ақ, бөлме өсімдігі ретінде де өсіруге әбден болады.

Шықшылдақ

Шықшылдақ - ет қоректі өсімдіктердің тұқымына жатады. Шалшықта, батпақта, құмдақта, тауда – кез келген жер қыртысында өсуге бейім келеді. Шықшылдақ – көпжылдық өсімдіктер қатарына жатады және көктемде гүлдейді. Негізгі қорегі – құрт-құмырсқалар.

Раффлезия

Раффлезия таңғажайып-гүлі тоғышар өсімдіктер тұқымына жатады. Ерекше әрі сирек кездесетін бұл өсімдік Малакка түбегінде, Суматра, Ява, Калимантан, Филиппин аралдарында өседі.

Гүлдің ерекшелігі – оның көлемі 60 сантиметрден 1 метрге дейін жетеді. Гүлдің атауы - өсімдікті ең алғашқы ашқан Т.С. Раффлзің және атақты натуралист Д.Арнольдтің құрметіне берілген. Олар алғаш рет өсімдікті Суматра аралының оңтүстік-батысынан  тауып, дәл сол жерде оған өсімдіктер әлемінің «ұлы кереметі» деп баға береді.

Раффлезияны орман шыбындары тозаңдандырады. Гүл оларды өзінің келбетімен және иісімен баурап алады. Иісі мен келбеті керемет екен деп ойлап қалмаңыз! Гүлден іріп-шіріген еттің иісі шығады, ал келбеті қызыл, улы-қызыл, қоңыр түсті, яғни бір қарағанда бұзылған етке ұқсас келеді.

Африкандық гиднора

Африкандық гиднора – әлемнің қайталанбас өсімдіктерінің бірі. Аталған гүл өте сирек кездесетін болғандықтан, Африка шөлін жай ғана аралап жүрген адамға оны ұшырата салу өте қиынға соғады. Осы бір табиғат тамашасының кескініне қарап кәдімгі өсімдік деп айта алмайсың. Бір қарғанда саңырауқұлаққа ұқсас келеді. Жалпы өсімдіктің гүлі ашылғанша саңырауқұлақ деп атау дәстүрге айналып кеткен. Шындап келгенде гүлдің атауы саңырауқұлақтың құрметіне берілген. Гиндор – грек тілінен аударғанда «саңырауқұлақ» деген мағынаны білдіреді. Гүлдің көлемі – 10-15 сантиметрді құрайды.

Дүңгіршек

Жәндікқоректілер тұқымдасына жататын бұл гүл Антрактида және мұхит аралдарынан басқа әлемнің барлық жерлерінде өседі. Өсімдіктер жылдың суық маусымдарында шарпішінді бүршік кейпінде өмір сүреді. Дүңгіршектер – құрт-құмырсқамен қоректеніп суда өседі. Бір таңқаларлығы – дүңгіршектердің тамырлары жоқ.

Өсімдіктің гүлсидамы немесе жапырақсыз бөлігі - 15-41 сантиметрді құрайды және өсімдік су бетіне  5-15 шақты ашық-сары түсті гүл шығарады. Дүңгіршектің тұқымы шар пішіндес болып келеді.

Непентес

Бүгінде Непентес гүлінің 120-ға жуық түрі анықталған. Түрлерінің көп бөлігі тропикалық Азияда, әсіресе Калимантан аралында өседі. Сонымен қатар Мадагаскарда, жаңа Гвинеяда, Солтүстік Аустралияда, Жаңа Каледонияда кең тарлаған. Өсімдік атауы – ежелгігрек мифологиясындағы «непенфа» атты ұмыту шөбінің құрметіне берілген.

Мұндай өсімдіктердің басым бөлігі бұталы немесе жартылайбұталы шырмауық түрінде келіп, ылғалды климатта өседі.

Суреттер: bigpicture.ru,flowerkiller.ru6tsvetnik.info

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева