Моңғолиялық қазақ альпинисі Массагет сайтына сұхбат берді

Моңғолиялық қазақ альпинисі Массагет сайтына сұхбат берді

Ер Түріктің алтын бесігі саналған Алтайдың арғы бетіндегі Баян-Өлгейге жолымыз түсті. Сол сапарда қазақ блогерлері арасында танымал Жанарбек Ақыби ағамыздың үйінде болып, әңгіме-дүкен құрдық. Ең жас қазақ блогері де осы ағамыздың шаңырағында.

Жанарбек Ақыбиұлы – белгілі тау спорты шебері. Ж.Ақыбиұлымен тау спорты туралы, Моңғолиядағы жаңа медианың жалпыласуы жайлы сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Мамандығыңыз тау спорты ма? Бұл салаға қалай келдіңіз?

Бала жастан спортты серік еттім. Мектеп қабырғасында жүргенде ұстазым күрестің барлық түріне арнайы жаттықтыратын, апта сайын орталықта жарыс болса, бәріне қатыстырып шығаратын. Бізді, тіпті, ересектер жарысына да қатыстыратын. Күш атасын танымайды деген бар, онда оңайға жығыла қоймаушы едік. Моңғол елінің ең биік мұздақ шыңдарының бәрі менің туып өскен өлкемде болған соң Тау спортына да жастай құмарттым. Ауыл үйдің малын қысы-жазы бағу біздің мойнымызда. Қой жайып жүрген болып көбіне тауларға шығып кетуші едім, кейде қызыға шоқыдан-шоқыға шығып кетіп кешке жайып жүрген қойыма жете алмай қалатынмын, ал үйді біліп алған ешкілер қойды бастап үйге өздері баратын.  1993 жылы Түрік елінде оқып жүргенімде  ұстаздар Вурса өлкесіндегі мұздақ тауға саяхатқа апарды. Таулардағы мұздаққа деген қызығушылықтан үстін мәңгіге мұз басып жатқан мұз тауға шықтым. Сол кезден бастап бұл салаға мықтап ауыстым, қолым босаса тау кезуді күнделікті әдетке айналдырып алдым. Бұл жүрісімді байқаған Спорт комитетінің сол кездегі басшысы Н.Баяр бұл саланың маманы моңғол азаматы Жамсырынға арнайы тапсырды. Тау спортынан ел біріншіліктеріне қатысып жүлдемен орала бастадым... Қазір Баян-Өлгийдегі қазақ жастарын осы салаға баулып жүрмін. Нәтиже жаман емес.

Моңғолия жері аңыз бен әфсанаға толы жер. Ұлы таулардың қойнауында сапар шегіп жүрсіз. Тарихқа белгісіз тас бітіктерге кездесетін кездеріңіз бола ма?

Менің шығып жүрген тауларым үстін мәнгі мұз басқан мұздақ таулар, мұздақ болған соң сол төңірек ауа райы суық болатыны белгілі жай. Суық жерде тіршілік иелері де аз болады. Сондықтан болар, сіз айтқандай ерекше тарихқа белгісіз тас жазулар кезіге қойған жоқ, бірақ жүрген жерлерімнен  кезіккен тастағы тым көнеден жеткен сурет таңбаларды ерекше көп көрем. Әрі фотосуреткеде түсіріп жүрмін.

Әлемдік экспедициялар Моңғолия жерінде көп жүре ме? Сіз осы сапарларға  жол бастаушы болып шығып тұрасыз ба? Сол сапарлардан түйген ойларыңыз да бар шығар?

Моңғол елінің жер көлемі үлкен, халық саны  аз, қай сатыдағы табиғаты болмасын саф алтындай жақсы сақталған. Әлем елдерінен Монгол еліне келетін туристер саны жыл сайын арта түсуде. Енді әрбір келген туристі  халықтың санына бөліп  қарап көргенде саяхатшылардың Моңғолияға көп келетінін аңғару қиын емес. Бұның нақты себебі, Моңғолия ежелгі көшпелі өмірді қайта жаңғыртып, соны саяхатшыларға көрсетуге еркін мүмкіндік ашқан. Содан кез-келген ауылдан жалға ат мініп, атпен  ел-жер көруге мүмкіндік бар. Халық соған бейімделіп барады. Моңғолдың қай-қай түкпіріне барсаңыз киіз үймен қарсы алып, ат мініп жылқы қайырған шынайы өмірді көрудің өзі бір жақсы көңіл-күй сыйлайды. Мұны жан-жақты туризмге айналдыра білу де мықты іскерлікті қажет етеді. Мен туған өлке Баян-Өлгийде Моңғолдың ең биік таулары орналасқан, жазғы демалысымда әлем елдерінен келген туристерді бір арқанға көгендеп алып тауға жол бастап сүйрелеп жүргеніме 20 жылдай болып қалды-ау. Әрі бұл саланың алғашқы жандандырушысы да біз пақырдың еншісіне тиген екен.

Қазақ блогерлері арасында да сіздің отбасыңыз айрықша орын алады. Ең жас қазақ блогері сіздің отбасыңызда. Жалпы, жаңа медианың, интернеттің Моңғолия қазақтары арасында дамуы қай деңгейде?

Алғашқы қазақ тілді блог жасап, алғашқы блогерлер қатарынан табылуға жанұямызбен құлшыныс жасадық. Қаншама жанға блог ашып бердік, мұндағы жастарды бұл салаға баулыдық, интернет байланысы бар барлық өлкеге барып арнайы семинарлар жасадық. Мақсат осындағы жастар ғаламтор арқылы өз қазақы құндылықтарын тапсын деген тілектестік еді.

Бір елдегі азшыл ұлттардың мәселесі шаш-етектен болатыны айтпаса да түсінікті. Қазақ ғаламторы тек қазақ еліне ғана қажет, тек қазақ елінде ғана қазақ тілді барлық іске қаржы бөледі, ал басқа елдегі қазақта не шаруасы бар? Міне, осыған қарап шеттегі қазақ ғаламторының хал-күйін аңғаруға болады. Шетте әр өлкеде шырылдап жүрген аз ғана ұлтжанды қазақтардың белсенділігі болмаса, шеттегі қазақ ғаламторы дамып кетті деуге әлі ерте. Болашақта дамуы мүмкін деп айту да қиын. Қазақ елі ең алдымен өз мемлекетіндегі қазақша контентті дамытуы керек. Содан кейін барып шеттегі қазақ ғаламторының деңгейі  жайлы сырласуға болатын шығар. Қазіргі жағдаймен  АҚШ-тың Facebook-і мен Ресейдің  Mail.ru-ына суреттерін  тіркеп, жыртиып жүрген ағайынның қай жетіскенін айтамыз?!

«Зерде» смартфонын қолдау мақсатында Бесбоғда шыңына шыққаныңыз жайлы хабардармыз. Осы сапарыңыз жайлы айтып берсеңіз.

Ғаламтордан әлемнің әр түкпіріндегі қазақтардың хабарынан құлағдар болып отырамын. Қытайдағы қазақ азаматтары жасаған "Сен-қазақ" сайтынан сондағы ағайынның соңғы үлгідегі  «Зерде» смартфонын жасап шықты деген хабарын оқыдым. Бұл қол телефонның ерекшелігі іші тола қазақ тілінде, әрі әрбір тетіктері қазақы ою, қазақы тілде. Міне, бұл хабарға қатты қуандам. Бірақ, бұл «Зерде» смартфоны Ахмет Байтұрсын жасаған араб жазу үлгісінде Қытайдағы қазақтарға арналған еді. Іле-шала қазақ еліндегі қандастарға арнап "Зерде" смартфонының кирилше нұсқасын жасап жатырмыз деген соң әрбір қазақтың қолында өз ана тілінде ұлтық оюы қанық қазақ тілді қолтелефон болсыншы деген игі ниетпен «Зерде» смартфонын жасаушылардың біріне ғаламтормен байланысқа шығып, Алтайдың мұздақ шыңына «Зерде» смартфонының өзін және байрағын алып шығуға ұсыныс жасадым. Жігіттер келіскен соң Нұрбек есімді азамат екеуміз Моңғол Алтай тауларының ең биік мұздақ шыңдарының бірі Бесбоғда шыңына Зерде қолтелефонын, байрағын алып шықтық. Бесбоғда тауы теңіз деңгейінен биіктігі 4374 метр, оны жергілікті халық "Хүйтэн" шыңы деп атайды. Қазақ тілінде қолданысқа кіргелі отырған "Зерде" қолтелефонына деген өз жүрек жарды ілтипатымызды осылайша жеткіздік.

Қазақстандағы тау спортымен айналысатын әріптестеріңізбен ара-қатынастарыңыз қандай? Олармен байланыс жасап тұрасыздар ма?

2000 жылдардың басында Тянь-Шань тауларындағы "Мраморная стена" 6400 метр биік шыңына шығып қайтқанбыз. Хантәңріге жолым түсер ме екен деген үмітпен қазақ таушыларын іздегенім де бар. "Ел арна" телеарнасында сұқбат та бергенім есімде. Қазақ тілді таушыларды іздеп таппадым. Қазір ешкіммен байланысым жоқ.

Қайта ғаламтордан менің таушы екенімді білген блогер Тоты Атышева Шыңғыстауға ертіп апарып, ұлтық арнаның Семейдегі филиалында жекелей бір бағдарламасын арнап, ел-жерін көрсетіп, ұлы Абайдың басын көрсеткен еді.

Қазақ еліне танымал фотогараф Абдраим Асылхан Абдраймұлы Райымбек ауданындағы  Шалкөде жайлауын  аралатып Мұқағали Мақатаевтің кіндік қаны тамған жерін фотоға түсіруге мүмкіндік жасады.

Қазақ еліне танымал саясаткер Ерлан Қарин моңғол даласындағы  балбал тастарды суретке түсіріп біраз жыл келді, танысып Баян-Өлгей балбал  тастарын түгендеп фотоға түсірдік.

Алда қандай жоспарыңыз бар? Қазақстанға қоныс аудару ойыңызда жоқ па?

Бұл елде де қазақ ішіндемін ғой. Шеттегі қазақтың шашылған этнографиялық мұрасын жиюды жоспарлап отырмын. Қазір ұлтымыздың көне жәдігерлерін жиып жатырмын. Текке жатқан ештеңе жоқ, бәрі қаржыға кеп тіреледі. Жайлап болса да қозғалып жатырмын. Қазіргі бар арманым осыларды өз көңілімдегідей  толық жинап алу болып отыр.

Сұқбаттасқан: Мейіржан Әуелханұлы

Суреттер: Жанарбек Ақыбиұлының жеке мұрағатынан, kaskir.wordpress.com

M. Auelkhan