Менің Лондондағы күндерім

Менің Лондондағы күндерім

"Саяхатты сүйемін" жобасының бүгінгі кейіпкері – порталымыздың қолданушысы, ҚазМемҚызПУ-дың 2 курс магистранты Абдиханова Айгерім Ермаханқызы. Айгерім сіздерге Англия жеріндегі қызықты күндері туралы әңгімелейтін болады.

ҚазМемҚызПУ магистранттарына Халықаралық екі дипломдық бағдарламасы бойынша Англия астанасы Лондон қаласына барып, көктемгі курс оқу мүмкіндігі берілген болатын. Осы оңтайлы сәтті пайдаланғандардың қатарында мен де бармын. Яғни, барудағы басты мақсатымыз – оқу еді, бірақ мен өзіме міндетті түрде Лондонда армансыз саяхаттаймын деп уәде бердім.

Алматы әуежайынан, Лондонға дейін 8 сағатта келіп жеттік, онда Heathrow аталатын халықаралық әуежайға қондық. Әуежай өте үлкен, елестетіңізші, 5 терминалдан тұрады. Біз келген уақытта күн өте суық болды. Алғашында күтіп алуға тиіс болған кісі келмей қалып, қайда барарымызды, не істерімізді білмей тұрғанда, бір азиаттық азамат келіп бізден хал жағдай сұрасты, ол жігіт көрші Өзбекстан елінен екен. Ол өзінің сәлемдемесін күтіп алуға келгендігін айтып, бізді көріп қатты қуанып қалды да, жол көрсетіп көп көмек көрсетті. Оған алғысымыз шексіз.

Онда біз LАМS (London Academy of Management Sciences) академиясында ағылшын тілінде дәріс алдық. Сабақтан тыс уақытты қаланың бірнеше мұражайларында өткіздік, атап айтар болсам, British Museum, National Gallery, Natural History Museum, Science Museum, National Maritime Museum, Tower of London ғимараттарын аралап шықтық.

Бір байқағаным, онда тамақтары қымбат, киімдері өте арзан екен. Ал халқы өте қарапайым. Көбіне мейрамханалардан тамақтанғанды құп көреді. Бір көшені сұрай қалсаң, тұра қалып, 10-15 минут түсіндіреді, қажет десеңіз уақыт бөліп керек жерге жеткізіп те салады. Қала өте таза, сондықтан болар ондағы халық вокзал, аялдама болсын кез келген жерге отыра салады. Бір ерекшелігі – өздеріне ыңғайлы киімдер киеді, қыздарының тіпті боянбайтыны ұнады.

Көшелері тар, біздің елге мүлдем ұқсмайды. Туристер өте көп. Маған көненің көзі саналатын сәулеті ерекше ғимараттар қатты ұнады. Саябақтары да керемет, мен Лондондағы ең үлкен Green Park деген саябақта, Piccadilly Circus алаңында, Madame Tussauds мұражайында, Tower Лондон қорғандарында, London Eye, Сохо қалашығында болып, қатты таңырқадым. Соңғы аталған қалашықтан орын тепкен мейрамханалардан әр түрлі ұлттың тағамынан ауыз тие аласың. Букингемск сарайынан, Парламент сарайынан, Tower Bridge, Westminster аbbey, Knightsbridge сынды орындардан алған әсерім де ерекше.

Темза өзені қаланы қақ ортасын екі бөлікке бөліп тұрады екен. Осы жағынан мен Лондонды біздің бас қаламыз Астана қаласына ұқсаттым. Естуімше, Лондонда тұратын қазақтар қаланың ең ауқатты ауданында тұрады екен. Көңіліме қаяу түсірген бір жағдай – олар бір-бірімен қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілін пайдаланады екен.

Жалпы, Лондон туралы көп нәрсе айтуға болады. Атақты Биг-Бен! Бұл – Лон­дондағы биік сағат мұна­расы. Ол 1858 жылы тұр­ғы­зылса, келесі жылы іске қосыл­ған. Осы алып сағат мұнарасы­ ата­уы­ның екі себебі бар екен: біріншісі – Биг-Бен деп қоңырауды жасау жұ­мыстарын басқарған сэр Бенджамин Холл­дың атына байланысты бол­са, екіншісі – сол кездегі ауыр салмақтағы атақты боксшы Бенджамин Каунттың есіміне беріл­ген деседі. Өйткені, Биг-Бен сол жылдардан естелік болып қалған ең ауыр қоңырау екен.


Сонымен бірге, онда қара түсті таксилер, ғасырдан-ға­сыр­ға жалғасып келе жатқан Король әулеті және Лондонды өз­ге қалалардан ерекшелендіріп тұратын басқа да нәрселер көп. Осылардың бәрі тек Ұлыбрита­нияға ғана қатысты айтылады.

Лондон туралы айтатын та­ғы бір нәрсе, ол – осымен үшін­ші рет жазғы Олимпиаданы қабылдап отырған елдің астанасы. Сонымен бірге, Лондон әлем­дегі ең алғашқы метро желісі қосылған қала болып табылады. 1963 жылы әлемдегі ең алғашқы метрополитен осы Лондон қаласында ашылған.

Күнделікті өмірде біз Англияға қатысты бір оқиғалар болса, «Тұманды Альбион» деген сөз тіркесін жиі естіп, өзіміздің де оны жиі қолданатынымыз бар. Сонда бұл атау қайдан шыққан, ол неге Англияға қатысты айтылады деген сұрақ мені мазалайтын. Жауап таптым, сіздермен де бөлісе кетейік, Альбион деген сөздің өзі Ұлыбританияның құрамына кірген аралдардың көне атауын білдіреді. Ұлыбритания аралдарына Ирландия Республикасының аумағы да кіреді. Дегенмен, уақыт өткен сайын сөздің мәні мен мағынасы тарылып, «Тұманды Альбион» деген тіркес тек Англиямен ғана шектеліп қалады. Қазірде ол Англияның балама атауы ретінде қолданылады. Кейбір деректерде Альбион сөзінің көне грек заманында пайда болғаны айтылады. Сол кезде грек жазбаларында кездескенімен, Альбион сөзінің түп-тамыры шотландықтардың (кельт тіліне жатады) тілінде жатыр. Шотланд тілінде «Аlba» сөзі «Шотландия» деген мағынаны береді. Жалпы, «Альбион» сөзі көне замандарда бірнеше тілдерде қолданылған. Қазақ тілінде ол «ақ» және «жер» (әлем) деген мағына береді екен. Ежелгі римдіктер ағылшындардың жерін Англияның оңтүстіктегі теңізбен шекаралас жағалауында орналасқан ақ түсті Дувр жартастарына байланысты «Альбион» деп атаған көрінеді. Бұл жердегі «Аlba» сөзі латын тілінде «Ақ» (Аlbus) деген ұғымды білдіреді. Ал «тұманды» деген сөзге келсек, оның өзі айтып тұрғандай, бұл атау Англияның Еуропадағы ең ылғалды, жауын-шашыны көп, тұманды ел екенін айғақтайды.

Ал елді басқару жүйесі конституциялық монархия. Онда өзге ұлт өкілдерінен үндістандықтар мен пәкістандықтар өте көп екен. Бізге берілген 2 апта өте тез өтіп кетті, байқамай да қалдық.

Саяхаттан алған әсерім өте жақсы болды. Елге үлкен әсермен, жаңа көзқараспен, бай таныммен оралдым. Айтпақшы, қайтар жолда болған бір жағымсыз оқиға туралы айта кетейін, Лондон уақытымен түскі сағат 12:00-де ұшып кететін болдық. 1 сағат бұрын әуежайға бардық. Біздің қайтар уақытымыз оқу жылының аяғына тұспа тұс келгендіктен Лондонда оқитын қазақ жастары да елге қайтып жатыр екен. Менің көңілімді қынжылтатын жәйт ұшақ ішінде  орын алған еді. Ұшаққа отырғызу уақыты келгенде, өзіме оңай болсын деген оймен жүк салынған сөмкемді жаныма алып кірдім. Ұшақ ішінде бізбен бірге қайтқан жолаушылардың басым бөлігі қазақ жігіттері болды. Ұшаққа сөмкемді жайғастыру кезінде маған қиын соғып, кептеліс болып қалды. Сол кезде алдымда және соңымда қазақ жігіттері тұрған болатын олар маған көмектесудің орнына "девушка по быстрее" деп қиналғанның үстіне асықтыра түсті. Сонда осы жағдайды көріп тұрып бірде бір ер жігіт келіп, көмек қолын созбады. Оның орнына бір орыс аға алды жағымнан жүгіріп келіп "подождите девушка я помогу" деп сөмкемді қоюға көмектесті, өте риза болып қалдым. Сондай қаны бір қазақ жігіттерінің көре тұра көмектеспегеніне бір жағынан қатты ұялдым, түңілдім. Шет елде жүргенімізде өз жерлесімізді көріп қалсақ, туған бауырыңды көргендей қуанушы едік, ал бұл жағдай мені қатты қынжылтты... Айтарым, қай ортада жүрсек те бір-бірімізге жанашыр болайық, қолдайық! Бірлігіміз, татулығымыз ажырамасын!

Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Айгерім Ермаханқызы

Редакциядан: Біздің жобамызға кез келген өзге елге саяхаттап келген адам қатыса алады. Ол үшін жоба авторы Айгерім Сматуллаеваға хабарласыңыз.

Оқи отырыңыз:

Жолдас Өрісбаевтың Америкадағы күндері

Мақпал Сембайдың Қытайдағы күндері

Шерзат Баратовтың Еуропадағы күндері

Шолпан Сыдықтың Түркиядағы күндері

Мейрамбек Таубалдиевтің Испаниядағы күндері

Құралай Ахметтің Еуропадағы күндері

Фариза Ертаеваның Америкадағы күндері

Сания Дауталиеваның Малайзиядағы күндері