Әлемдегі алып аквариумдар

Әлемдегі алып аквариумдар

Жүздеген литр сыйымдылығы бар теңіз байлықтарына толы аквариумдарды аралау жанға қуаныш пен рухани демалыс сыйлайтыны анық. Әлемнің ең алып аквариумдарына көз жүгіртейік.

Лондон. «Heron International» ғимаратындағы аквариум

Еуропа құрлығындағы ең үлкен аквариум. Жетпіс мың су сыятын аквариум ұзындығы 12 метр, биіктігі 4 метр, ені 2 метрге жетеді. Аквариумды орнату мен безендіру үшін бірнеше ай уақыт кеткен. Үлкен Барьер рифінен әкелінген 1200 тропикалық балықтар өмір сүреді. Аквариум Америка Құрама Штаттарынан арнайы әкелінген.

Берлин. «Radisson SAS» қонақүйіндегі «Аквадом» аквариумы

Аквариум сыйымдылығы 900 мың литр. Әлемдегі ең үлкен цилиндрлі аквариум. Биіктігі 25 метр, диаметрі 11 метрге жетеді. Алып аквариум құрылысына 13 млн.еуро жұмсалған. Аквариумда 56 түрлі 2600 балық өмір сүреді. Оларды жақыннан бақылауға болады. Аквариумның қақ ортасында лифт орнатылған. Жоғары жағында үлкен алаң орналасқан. Алаңға көтерілген бойда мейрамханаға не бөлмелерге  баруға болады.

Аквариумды кейбір қонақүй бөлмелерінің балконы мен терезелерінен бақылауға болады. Күнделікті екі дайвер аквариумды тазартып тұрады.

Литва. «AB Baltic Aquarium» сауда орталығындағы аквариум

Шығыс Еуропадағы ең үлкен аквариум. Балтық елдеріндегі ең ірі жобалардың бірі. Көлемі 163 мың литрді құрайды. Биіктігі сауда орталығының екі қабатындай. Ені 3 метр, салмағы 49 тоннаға жетеді. Аквариум сауда орталығының бірінші қабатында, эскалатор маңында орналасқан.

Алып аквариум ішінде 2 ақ және 4 қара риф акулалары бар. Сондай-ақ, 800 тропикалық балықтар өмір сүреді.

Лас-Вегас. «Мандалай Бэй» қонақүйі

Қонақүй ішіндегі аквариум биіктігі 3 метрге жетеді. Аквариумда Комодо аралынан әкелінген қолтырауындар, кесірткелер, акулалар өмір сүреді. Сондай-ақ, қонақүй ішінде бірнеше шағын аквариумды кешендер орналасқан. Аквариумдар өзара түннел арқылы байланысады.

«Тропикалық орман» кафелер желісі


Бұл кафеде тағамдар мен сусындардан дәм татып қана қоймай, құстардың сайрағанын тыңдап, теңіз байлығын бақылауыңызға болады. Кафеге кіргенде аркалы аквариумды байқауға болады. Ал кафе ішінде шағын аквариумдар орналасқан. Қабырғалары джунглидің өсімдіктеріне толы, ал бұтақтарында тотықұстар мен питондар болады.

Прага. «Бутовица Галереясы» мультикешеніндегі аквариум

Литва аквариумынынан кейінгі Шығыс Еуропадағы көлемі бойынша екінші орында. Бұл кешенде екі аквариум бар. Екеуінің де көлемі 75 мың литр, ал салмағы 108 тоннаға дейін жетеді. Тропикалық теңіздер мен Үнді және Тынық мұхиттарынан әкелінген балықтың 60 түрі мекен етеді.

Лас-Вегас. «Силвертон» ойынханасындағы аквариум

Лас-Вегастың әр тұрғыны бұл ойынхананы жақсы біледі. Құмаройындарды ойнамаса да, олар аквариумдағы теңіз байлықтарын бақылау үшін келеді. Алып аквариум көлемі 430 мың литр. Балықтармен қатар, бұл жерді алты акула мен бес түрлі скатты кездестіруге болады. Күніне үш рет аквариумды дайверлер тазартып тұрады.

Флорида. «Gulfstream Racetrack» ойынханасындағы аквариум

Штаттағы ең үлкен болып саналатын аквариум көлемі 52 мың литр. Аквариум құрылысына акрил құрылғылары мен бірнеше декорациялар қолданылған. Сондай-ақ, аквариум ішіне үй құрылысына пайдаланатын жеңіл баспалдақтар орналастырылған.

Калифорния. Жер үй ішіндегі аквариум

Штаттың ең қалталы тұрғындарының бірі өз үйіне алып аквариумды орналастыруды жөн санайды. Үй ішіндегі бар мен бассейн арасына ол аквариум қойған. Аквариум арқылы екі жақты бақылауға болады.

Мәскеу. Чистые пруды

Мәскеуде орналасқан аквариумда салмағы 20 тоннаны құрайтын коралл рифтері бар. Олар Бали аралында арнайы фермада өсірілген. Аквариумды мекен ететін балықтар Малави, Танганьика көлдері мен тропикалық теңіздерден әкелінген. Океанариумда акулалар бар. Аптасына екі рет көпшілік назарына арнайы қойылым ұсынылады.

Суреттер: woman.ru, crazypapa.ru, posobie.info

Ғ. Ұзақ