Саяхаттауға арналған ең арзан елдер

Саяхаттауға арналған ең арзан елдер

Саяхат және саяхаттауға арналған жерлер туралы әңгімелеуді жалғастырамыз. Бүгін сіздерді туристер үшін ертегі бұрышына айналған – өмір сүру үшін ең арзан жерлермен таныстыратын боламыз. Кім білсін, сіздің жолыңыз ертегі әлеміне түсіп қалар...

• Тайланд 

Бұл таңғажайып ел ниет білдірген кез келгенді бауырына баса алады. Әсіресе, табиғаты таңдай қақтыратын Чанг Мэй аталатын өлке ешкімді жатырқамайды. Бұл жерден айына 30$ төлеп тұратын жанға жайлы бөлме таба аласыз. Мұндай баспаналар жағалауға жақын жерден орналасады.

Тағамдар мен сусындарды да қалтаңыз көтере алады. Әсіресе, ет, көкөністер мен жемістер қолжетімді келеді, оларды жергілікті базарлардан таба аласыз. Аспаздыққа деген ебіңіз болмаса, санаулы тиынға балапан еті, күріш пен кеспеден дайындалған дайын түскі асты сатып алуға мүмкіндік бар.

• Камбоджа 

Бұл жерде әжептеуір баспананың қожайыны болу үшін 200$ ақша жұмсайсыз. Әрине, бұл ауыз толтырып айтарлықтай арзан да емес, дегенімен, екі адам бірге жалдап тұрсаңыздар, әжептәуір үнемдеуге болады. Камбоджада мейрамханада тамақтанамын десеңіз, 2$ көлемінде, жергілікті дәмханаларға кіремін десеңіз, 1$ көлемінде ақша жаратасыз.

• Филиппин

Аталған экзотикалық мемлекет адамдарды қалтасына қарап қарсы алады десек артық айтқандық емес. Өйткені, мемлекеттің алып қалаларынан пәтер жалдау құны 360$-ды құрайды. Алайда, Филиппиннің туризм саласы жақсы дамыған, шағын дүкендері мен гольф алаңдары, құмды жағалауы бар Себу қаласына ат басын тіресеңіз, пәтер бағасы бірден 150$-ға түсе қалады.

Ал Damaguete сынды шулы қалаларда 40$-ға баспана табуға әбден болады. Тағамдар да қолжетімді келеді. Барлық ішіп-жеміңізге 200$ жеткілікті.

• Коста-Рика 

Көрінісі көз тартар Коста-Риканың 12-ге жуық әртүрлі климаттағы ауданы бар. Елдің қайталанбас табиғаты мен мәдениеті және өте арзан бағадағы "өмірі" туристердің көңілінен шығып отыр. Кез келген талғамдағы жер бөлімшелерін де оп-оңай таба аласыз.

Сан-Хоседегі бағалар да төмен саналады. Бұл жерде армансыз, шалқып өмір сүремін десеңіз серігіңізбен бірге айына 500-600$-ға үлкен үйді жалдап тұра аласыз. Ал қаладан 75 шақырым жердегі үйлерді 250$-ға жалдауға болады. Мейрамханадағаы экзотикалық асхана бар болғаны 4$ ақшаны талап етеді. Базардан азық-түлік алып, асыңызды үйде дайындаймын десеңіз, 50 центтің өзі жеткілікті.

• Белиз 

Мәңгілік сұлулық пен дайвинг сүюші туристерге Белиз жеріне аттануға кеңес береміз. Бұрынғы жылдары британдық Гондурас аталған мемлекет 1981 жылы тәуелсіздігін алған. Белиздегі бай әрі көрікті табиғат, субтропикалық климат, жағалау сызығы – бәрі де алаңсыз демалыс үшін қызмет етеді. Әсіресе, өзінше бай жануарлар мен өсімдіктер әлемі, жаңалау рифтері сізді бірден баурап алады.

Мұнда бір ай өмір сүру үшін 500$ ақша толықтай жетеді. Оның 300-і Кайо ауданындағы пәтерді жалғыз жалдауға (достарыңыз  болса бөліп төлейсіз), 200-і тағам мен көңіл көтеруге кетеді. Азық-түлікті өзіңіз сатып алып, үйде дайындайтын болсаңыз, мейрамханаға кеткен ақшаны үнемдеуге болады.

 
Саяхатыңыз сәтті өтсін!

Суреттер: votpusk.ru,ohhplanet.com, ruscosta.com, borissmirnov.livejournal.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева