Балалық шақтың Барбиі

Балалық шақтың Барбиі

Сіз бала кезіңізде қандай ойыншықпен ойнадыңыз? Әрине, көбіне ұлдар ойыншық автокөліктермен, ал қыздар қуыршақпен ойнаған болар. Біздің бүлдіршін кезіміздің талай-талай жағымды естелігі Барби қуыршағымен тығыз байланысты. Сонау Америка елінде жасалған қуыршақ біз кездері біздің балдай тәтті балалық шағымыз үшін мұхит асып келді. Ал сіз күндіз-түні шашын тарап, оған киім тігіп, «үйшік» жасап ойнаған Барбиіңіздің тарихын білесіз бе? Қуыршақ сіздің үйге жетем дегенше, талай сынды басынан өткерді. Ендеше бүгін біз сіздерге Барби қуыршағының түп-төркіні жайлы ақпарат бермекпіз. Ал сіз өзіңіздің бала кездегі ойнаған қуыршақтарыңызбен бөлісе отырыңыз.

«Барби» қуыршағының анасы – адамзат тарихындағы ең танымал қуыршақтың авторы Рут Хэндлер.

Қырқыншы жылдардың ортасында ерлі-зайыпты Хэндлерлер суреттің ағаш көсегін жасап шығарумен айналысатын компания ашты. Бір күні Рут Хэндлердің жолдасына «Неге ағаштың қалдықтарын жарамсыз етіп тастай береміз?» деген ой келді. Қалдық дүниеден де қаржы табуға боларын білген ерлі-зайыптылар жаңа бір істі қолға алады. Одан соң Рут ағаш қалдықтарынан ойыншық жиһаздар жасауды ұсынады. Ол өзінің қызы Барбараның қуыршағын сіріңке қорабынан және кішкентай төртбұрышты ағаштардан жасалған жиһаздарға отырғызып ойнағанына қарап өзінше қуанып қалатын. Осылайша, ерлі-зайыпты өнертапқыштардың қалтасын суреттің ағаш көсегі емес, қуыршақтарға арналған ағаш жиһаздар қалыңдата бастады.

1956 жылы Рут Хэндлер Швейцарияға демалысқа аттанды. Ол осы өңірде жұрттың бәрі Лилли деп атайтын ерекше қуыршақпен танысты. Рут қуыршаққа асықпай қарап, оны зерттей бастады: түрі де, дене бітімі де, киімі де жаман емес сияқты. Бірақ біздің кішкентай қыздар кіндігі ашық не бойжеткен екендігі, не үлкен жастағы әйел екендігін белгісіз қуыршақтан ендігі жалыққан болар деп түйді. Осыдан кейін Рут кез келген кешкентай қыздың арманына сай, үлкен өмірдің үлгісін көрсетер қуыршақ жасауға бел буды. Нәтижесінде Барби өмірге келді. Барбиді өмірге әкелмес бұрын Рут қарапайым халық арасында әлеуметтік зерттеу жасады. Барби қуыршағын жасап біткенде, оны сауда айналымына салмай жатып, Рут 100 бүлдіршін қыз бен олардың аналарын шақыртып алып, жаңа қуыршаққа қандай баға беретінін сұрады. Сол кезде қыздардың аналарының шамамен барлығы дерлік Барбидің жарыққа шығуына қарсылық білдірді. Олардың сөзінше, қуыршақ натуралистік пікірді туындатады. Сондықтан онымен ойнау баланың психикасына айтарлықтай әсерін бермей қоймайды. Бірақ бұл кісілердің балаларының бәрі де осындай қуыршақпен ойнағысы келетінін, Барбидің жарыққа шығуына қос қолдарын көтере келісетінін айтты. Сөйтіп Рут балалардың тілегін орындауға шешім қабылады.

Осы уақыттарда Голливудта киноактриса Джейн Менсфилдтің аты дүркіреп тұр еді. Барби алғашында осы актрисаның толықтай дерлік көшірмесі болды. Барбидің алғашқы сәнді киімін жасау сол замандағы атақты сәнгерлер Живанши мен Диорға тапсырылды. 1958 жылы Хэндлер ресми түрде Барбиді патенттеп алды. Қуыршақ осыған дейін жарық көрген басқа бірде-бір ойыншықты қайталамады, ешбіріне де ұқсаған жоқ.

Айтпақшы, Рут неге жаңа қуыршаққа Барби деген ат қойды? Оның төркіні мынада: жаңа қуыршаққа Рут қызы Барбараның есімін берді. Осылайша, Барби атауы өмірге келді. 

1959 жылы жыл сайынғы нью-йорктік балар ойыншықтарының жәрмеңкесінде Mattel компаниясы алғаш рет бүкіл әлемге өзінің жаңа туындысын таныстырды.

Барби өзінің ұзын бойлы дене-бітімімен, қиылған қастарымен, көкшіл көздің асты-үстін көмкерген ұзын кірпіктерімен және аққұба келбетімен көпшілікті таңдандырды. Барбидің үстінде жолақты суға түсетін киім бар еді. Ал аяғында биік өкшелі жеңіл туфли бар-тын. Сонымен қатар, жәрмеңкеде жаңа қуыршақтың аққұба және қараторы сияқты екі түрі ұсынылды.

Әйткенмен бұл жаңа ойыншыққа көтерме саудамен айналыстан алушылар аса қызуғышылық таныта қоймады. Олар өздерінше америкалық ата-аналар балаларына мұндай «анайы» қуыршақты алып бермесіне сенді. Осындай шақта Рут Барбидің саудасын теледидардан тарату арқылы қыздыруға көшті. Осыдан кейін америкалық телеарналардың көбінде Барбидің жарнамасы тарала бастады. Уақыт өте келе Барби өз алушыларын жинай түсті. Осы қарқынмен ол бүкіл әлемге тарай берді.

Бірақ Рут тек бір Барибен ғана шектеліп қалғысы келмеді. Біраз уақыттардан кейін Барбидің төрт әпке-сіңлісі, бір ағасы, екі жиені, бірнеше құрбылары мен басқа үй жануарлары «туылды». Олардың отбасы көбейген сайын, Руттың қалтасы да қалыңдаған үсті қалыңдай түсті. Өйткені отбасының әр мүшесіне киім-кешек, жиһаздар мен ыдыс-аяқ керек бола бастады. Мұның бәрін түгендеудің қамымен «басын ауыртқан» балалар ата-анасының қалтасына тыным берген жоқ.

Кен - Барбидің сүйікті «жігіті».

Барбидің сүйіктісінің пайда болуының өзі бір қызық. Mattel компаниясының өнертапқыштары жігіт қуыршақты жасауға келгенде өте көп ойланды. Мұны ерсі көргендер де жоқ емес еді. Кейбір ата-аналар ер адамның мүсінімен жасалған қуыршақты ешқандай да ата-ана баласына алып бермейді деп те ойлады. Оған қандай киім кигізу керектігі де жауапсыз сұрақтай көрінді. Әйткенмен ол бәрібір өмірге келді.

Барбидің арқасында соңғы он жыл ішінде Хэндлерлердің ортақ қаржысы 500 миллион долларды құрады. 1993 жылы ерлі-зайыпты өнертапқыштардың отбасы 1 миллиард доллар қаражатқа кенелді. Ал 1994 жылы бұл ақша 2 миллиард долларға өсті. Осыдан қырық жол бұрын көтерме саудамен айналысатындар мойнын бұрып та қарамаған Барбиді жұрт «талай» бастады. Қазір Барби қуыршағы әлемнің 150 елінде сауда айналымына шығып тұрады. Бұл қуыршақ арнайы сарапшылардың айтуынша, бүкіл әлем бойынша өтімді жиырма тауардың қатарында. Бүгінгі таңда әр америкалық бүлдіршін бір қыздың басына оннан аса қуыршақтан тиеді. Ал Францияда бұл көрсеткіш жетіні, Англияда бесті көрсетеді. Италияның бүлдіршіндері америкалықтардан қалысар емес. Жыл сайын Барби қуыршағының 20 миллионы сатылымға шығады. Бүгіндері Барбиді Мадоннаның өзі тапсырыспен жасататын Рейчел киіндіреді. Гавай аралдарында Барбиге арналаған мұражай бар. Ал Англиядағы қала сыртындағы бір көше Барбидің құрметіне "а-ля Барби" деп аталған. Түрлі-түрлі Барби шығатын Mattel компаниясы тіпті Disney компаниясымен де келісімге отырған. Олар Диснейлендта Барби қуыршақтарын сату үшін арнайы рұқсат алған. Онымен қоса Mattel компаниясы атақты мультсериалдың кейіпкерлері Том мен Джерридің қуыршақтарын жасауға тапсырыс алған.

Жай ғана арманнан классикалық деңгейге дейін көтерілген қуыршақпен талай бүлдіршін ойнағаны рас. Балалық шақтың тәтті кездерін еске салатын Барби бүгіндері де аса сұранысқа ие.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: drprof.ru, barbie-doll.ru

А. Әбілхан