Абу-Даби қаласындағы алып мешіт

Абу-Даби қаласындағы алып мешіт

Абу-Даби қаласы - Біріккен Араб Әмірлігіндегі ең бай әрі үлкен шаһарлардың бірі. Қаланың ең көрікті мекендерінің бірі болып Зайыт шейх салған алып мешіт болып табылады. Рухы мықты мұсылман басшысы әлемдегі ең үлкен әрі әдемі мешітті салуды жоспарлаған. Алайда, Сауда Араб елі қарсылық білдірді. Себебі, мұсылман елдерінде дұға қылатын ең үлкен мешіт Медина және Мекке қалаларында орналасуы қажет. Ал Абу-Даби қаласындағы көлемі бойынша алдыңғы екі мешіттен соң үшінші орында.


Мешіт құрылысы 1996 жылы басталған. Өкінішке орай, Зайыт шейх мешіттің ашылу салтанатын көре алмай кетті. Мешіт өз есігін 2007 жылдың Рамазан айында ашты. Мешіттің ашылу салтанатына Абу-Даби эмиратының екінші президенті, Зайыт шейхтың ұлы Халифа ибн Зайыт ан-Нахайян қатысты.


Алып мешіт 80 күмбезден, биіктігі 107 метрге жететін төрт мұнарадан құралған. Мешіт ішіндегі мәрмәр мавзолейде Зайыт шейх жерленген. Бірақ та ол жақты фотосуретке не бейнетаспаға түсіруге рұқсат берілмейді. Мешітке кез келген жан кіре алады. Тек бірнеше талаптарды орындауы керек. Мешітке кірген бойда аяқ киімді шешу керек. Әйел азаматтар бастарына орамал салып, қара түсті "абайю" деп аталатын киімді киеді. Шетелден келген туристерге мұндай киімдер жалға беріледі.


Мешіттің айналасында көк түсті кафельдерден салынған бассейндер бар. 17 мың шаршы метрге жететін мешіт ауласы мәрмәрмен қапталған. Мешіт іші де ақ мәрмәрмен қапталған. Ақ мәрмәр сыртынан лазурит, оникс, аметист сияқты асыл тастармен қашалған. Мешіттің ішкі аумағының көлемі 22 412 шаршы метрді құрайды.


Мұсылман еліндегі жаңа мешіт біршама рекордтық көрсеткіштерді жаңартты. Мешіттің басты күмбезінің салмағы 1000 тоннаға жетеді. Бір мезетте мешітке қырық мың адам кіре алады. Басты дұға қылатын бөлмеге 7-8 мың адам сыяды. Бұл бөлменің еденінде әлемдегі ең үлкен кілем жатыр. Кілем салмағы 45 тонна, аумағы 5627 шаршы метрді құрайды. Бұл кілемді мыңға жуық иран шеберлері тоқыған.


Басты бөлменің төбесінде әлемдегі ең үлкен шам ілініп тұр. Swarovski кристаллдарына толы хрусталь шамның биіктігі 15 метр, ені 10 метрге жетеді.


Намаз уақытының кестесі үлкен тақтада көрсетіледі. Ал намаз кезінде туристерге мешітке кіруге болмайды. Сондай-ақ, намаз оқып жатқан кісілерге бөгет жасауға, оларды фотосуретке түсіруге болмайды. Бұл мұсылман еліне деген құрметсіздіктің белгісі болып есептеледі.


Мұсылман елдеріне жол тартсаңыз, Абу-Дабидегі алып мешітті көріп қайтуыңызға болады. Тек мұсылман елдерінде сақтауға міндетті ережелер мен қағидаттардың орындалуын естен шығармаңыз.

 Суреттер: reports.travel.ru

Ғ. Ұзақ