Апаттан пайда іздеген жүрексіздер

Апаттан пайда іздеген жүрексіздер
Фото: Stan.kz

Еліміздің Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарында арнасынан асқан су апат тудырып, тұрғындар үй-жайын тастап, мектепке түнеуде. Бұл – аталған облыстардың ғана емес, күллі қазақ елінің басына түскен жайсыз жағдай. Жұдырық боп жұмылған жұрт шама-шарқы келгенше апаттан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созып жатыр. Бес саусақ бірдей емес. Осы бір келеңсіз сәтті пайдаланып қалтасын қалыңдатуды ойлаған пайдақұмар жандар да бар болып шықты. Олар бұл жағдайды бас пайдасына жаратуға тырысуда. Мысалы, әлеуметтік желілерде  үйін су басқан келіншектің 45 мыңға сатып алған азық-түлігін әлдебіреулер үптеп кеткен деген ақпарат тарады. Ал Ақтөбеде әдетте 5 мың теңге тұратын резеңке етік 10 мыңға (қонышы ұзындары 17 мыңға) дейін өскен

Сынақты сәттерде адамдық қасиеттен алыстап, ала жіпті аттап кететіндерді не деп атаймыз? Мысалы, 2017 жылдың қаңтарында Қырғызстанның Бішкек қаласы маңында "Боинг" ұшағы тұрғын үйге құлап, 37 адам қайтыс болған. Осы апатта бір ер адам ұшақтың ішінен шыққан екі электрошәйнек пен үш ұялы телефонды ұрлап кеткен. 

2006 жылы Ресейдің Владивосток қаласында банк ғимараты өртеніп, салдарынан 9 адам қайтыс болған. Оларды құтқаруға барған өрт сөндірушілер өз істерімен емес, ұрлықпен айналысқан. Өрт сөндіруші болып қызмет жасайтын үш ер адам оқиға орнынан ұялы телефон мен ақша ұрлаған. 

Бұндай оқиғалар әлем бойынша көп тіркелген. Соңында қылмыскерлер өз жазасын алып та жатыр. Бірақ адам өліп жатқанда бір күндік дүниені ойлап, әрекет қылу "тірі адамның тіршілігіне" жата ма? Қатыгездік, салқынқандылық қайдан шығады? 

"Жаны ашымау – қатыгездіктің ең үлкен түрі". Америка жазушысы Митчелл Уилсон осылай деген. Алаяқтыққа итермелейтін себеп ретінде көбіне адамның әлеуметтік жағдайының төмендігі айтылады. Абай Құнанбайұлы өзінің қара сөзінде "...малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә әртүрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды" дейді. Бірақ қан жылаған қара халықты тонау әлеуметтік жағдайды түзеу тілегінен туған дүниеге ұқсамайтын секілді. Ол – атауы жоқ ауру десе болатындай. Психологияға сүйенсек, тұрмысы төмен жандар бай адамдарды "неге ол бай, неге мен кедеймін, ол маған беруге міндетті, ол байлығын бөлісуі тиіс" деген түсінікпен тонап, бай адамдардың жақсы өмірге жету жолын ескере бермейді. Ал онсыз да тиын санаған жағдайы төмен адамдардың, қарсы күш көрсетуге қауқары жоқ кәрілердің, қорғансыз жас балалардың заттарын тартып алу – күштінің әлсізге күш көрсетуі, адам бойындағы жыртқыштық инстинктің оянуы. Бұндай қадамға өмірінің мәнін жоғалтқан мақсатсыз адамдар барады. Ол – адамның көз жасына бей-жай қарайтын жан. 

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметінше, 2015 жылғы статистика бойынша, елімізде ұрлық, тонау әрекеті 11,9 мыңға жетіп, қылмыстардың көшін бастап тұр. Баспана мәселесі, жұмыссыздық, қолдау мен келешектің жоқтығы, тығырыққа тірелу сынды тұрмыстық мәселелер де қылмысқа итермелейтін негізгі себептер. 

Динара Болат, психолог:

Бұл – кәсіби ұрылар немесе ұрлауға еті үйренген адамдардың ісі. Ал ұрлық жасауға әдеттенген адамдарда мейірім, аяушылық қасиеттері болса да, әрекеттеріне қатысты іске қосылмай тұрады. Өздері саналы түрде мұндай қасиеттерді оятпай, салқынқанды болуға дағдыланған.

Айбек Бағжан, мұғалім:

Бұндай ашкөздікке толық отбасында тәрбиеленбеген жандар барып жатады. Көбіне бала кезінен жылу көрмеген жандар қылмыс жасайды. Олар жазасын өтеуге, абақтыға отыруға дайын. Өйткені өздерін жақсы өмір сүруге құқылы деп есептемейді. Сондықтан мәселенің түбі бала тәрбиесіне келіп тіреледі. Толық отбасынан тәрбие алып шыққан көргенді жанның қолын былғауы екіталай. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлсек, қоғам қатыгезденбейді деп ойлаймын. 

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

М. Оңғарова