Өлім аузындағы баланы бейтаныс әйел тірілтіп алды

Өлім аузындағы баланы бейтаныс әйел тірілтіп алды
Фото: vk.com

Үміт (Хоуп) деп аталатын нигериялық баланы 2 жасында ата-анасы "бойында зұлым күш бар" деп далаға тастап кеткен. Тастанды бала сегіз ай бойы көше кезіп, үй-күйсіз қаңғып жүрген. Даниялық Аня Ринггрен Ловен баланы көшеден көріп қалмағанда, бала аштан өліп қалар ма еді, кім білсін? Африкада тұрып жатқан Ловен баланы дереу ауруханаға жеткізуге шешім қабылдайды. Бұл әйел зұлым күші бар деп қараланған балаларға көмек беретін қордың негізін салған.

Ауруханада балаға күн сайын қан құйып, ағзасын қалпына келтірген. "Хоуптың жағдайы бір қалыпты. Ол тамақ ішіп жатыр, дәрілерді жақсы қабылдауда. Бүгін ол бізге күліп қарады. Ол – өте мықты бала," - деп жазды Ловен Фэйсбуктағы парақшасына. 

Балаға мейірімді адамдардан қаржылай көмек сұраған Ловеннің шотына екі күннен кейін 1 миллион доллар келіп түседі. "Осы ақшаның арқасында Хоупты жақсылап емдей аламыз, сондай-ақ қиындыққа ұшыраған мыңдаған балаға пана болатын орталықтың құрылысын бастайтын болдық", - деді жылы жүрек иесі. Осыдан кейін Ловен күйеуі Дэвид Эммануэл Умеммен бірге жекеменшік балалар үйін тұрғызды.

Ауруханаға түскен соң екі апта уақыт өткеннен кейін Хоуп салмақ жинап, оңала бастайды. 

Хоуп ауруханаға түскен соң екі аптадан кейін 

Беті бері қараған бала 8 айдан кейін жазылып шығады. Қазір ол Нигерияның оңтүстік-шығысында ашылған балалар үйінде тұрып жатыр. Ол жақта Хоуп сияқты бірнеше бала тәрбиеленуде. Балалар үйінің негізін қалаған Аня Ринггрен Ловен болса, бірнеше адамды өлім аузынан құтқарып, әлемге танылды. 

Бірінші суретте Хоупты Ловен тауып алған кездегі жағдай бейнеленген,  ал екінші суреттен баланың қазіргі түрін көруге болады.

М. Оңғарова