Адамзат табиғатты неге аямайды?

Адамзат табиғатты неге аямайды?
Фото: bigpicture.ru, маssaget.kz

Адамзат баласы өзіне қажеттіні табиғаттан алады. Азық, киім, отын, су, жылу және т.б. Бірақ қайтарымы қандай боларын ойлаған емес. Табиғатты таусылмайтын, түгесілмейтін қазына көру – үлкен қателік. Егер бір амалын таппасақ, барымыздан айырылып, көп нәрседен "құр алақан" қаларымыз анық. Қолында барын алдымызға тосып, баласындай бағып отырған "Табиғат-Анамызға" алғысымызды қалай жеткізіп жатырмыз?

Қытай таяқшалары – орманның жауы

Бұл таяқшаларды қолданған адам орман ағаштары туралы ойлануы тиіс. Өйткені, таяқшаларды Қытай ормандарында сиреп бара жатқан ағаштардың бұталарынан жасайды. Қытайда жыл сайын 20 миллион ағаштан ас ішуге арналған 80 миллиард таяқша жасалады екен. Халық саны бойынша әлем елдерінен озса да, жасыл алқап бойынша 139-орында тұр.

Күйзеліске қарсы дәрі құстарға қауіп төндіреді

Жиі күйзеліске ұшырайтын адамдар түрлі антидепрессанттарды қолданады. Йорк университетінің (Ұлыбритания) профессорлары антидепрессанттардың, соның ішінде «прозак» атты түрінің қоршаған ортаға, дәлірек айтқанда, құстарға қауіп төндіретінін дәлелдеген. Ғалымдар жауын құртының ағзасындағы антидепрессанттың мөлшерін өлшеген (жауын құрттары «прозактарды» ағынды судан алады). Нәтижесінде «прозак» 3-5%-ды ғана құраған. Содан соң құртты 24 қараторғайға жем қылып, кейін алты ай бақылауға алған. Уақыт өте келе тәжірибедегі құстар тәбетінен айырылып, шетінен қатары азая бастаған.

Сусындарға арналған түтікшелер – мұхиттың жауы

Сусындарға арналған түтікшелер Жер ғаламшарының экологиясына кері әсерін тигізеді екен. АҚШ мейрамханаларында күніне 500 миллион түтікше пайдаланылады. Соңғы 25 жылда жағалаулардан 6 миллионға жуық сусын түтікшелері жиналған. Қоқыс арасында ең көп табылатын да осы – түтікшелер. Олар ерімейтін пластиканың түрі – полипропиленнен жасалады. Теңіз жануарлары да, балықтар да, құстар да осы түтікшелердің, жағалауға бейберекетсіз тасталған қоқыстардың әсірінен азайып бара жатыр.

Антибактериалды сабынның да зияны бар

Джонс Хопкинс университетінің (АҚШ) ғалымдары бактерияға қарсы сабындардың қоршаған ортаға кері әсері барын дәлелдеумен келеді. Триклокарбан және триклозан атты химиялық заттардың қосындысынан туған сабын канализацияға төгілген кезде адам өміріне және табиғатқа қауіпті екі зат бөліп шығарады: алдыңғысы канцероген бөлсе, екіншісінен хлороформ тарайды. Бұл екеуі де – адам ағзасына қатерлі ісік тудырушы химиялық заттар.

Балық фермалары – экологиялық апаттардың бірі

Балықтарды фермада өсіру экологиялық апатқа әкеп соқтырады. Соңғы кезде адамдар табиғи суқоймалары мен өзен-көлдерден асшаяндарын аулап, фермада (қолда) өсіруде. Соның әсерінен судың тұздылығы артып, тұщы су ащы суға айналып бара жатыр екен. Бұл дегеніміз – табиғат заңдылығына қарсы тұру.

Соя өнімдері де қоршаған ортаға зиян

Соя өнімдері сүт өнімдері секілді пайдалы. Дегенмен ғалымдардың зерттеуі бұл пікірді теріске шығарып отыр. Олар соя өнімдері қоршаған ортаға өте қауіпті дейді. Сояны тек адамдар ғана пайдаланбайды, әлемде жиналған өнімнің (сояның) 80%-ы ірі қара мал үшін азыққа жіберіледі екен. Осыған қарап, соя өнімдерінің үлкен сұранысқа ие екенін білуге болады. Бұл – дегеніміз үлкен егіс алқабы керек деген сөз. Мысалы, Бразилияда соя дәнін егу үшін 1,2 миллион гектар тропикалық орманды алқап «шабылған» екен.

Тамақ қалдықтары 

Ата-анамыз «Тамақты төкпеу керек, обал болады», «Жаманнан – жарты аяқ ас» деп, алдымыздағы асты тауысқызатын. Үлкендер обалынан бұрын төгілген астың зияны болатынын да білген болар. Жыл сайын ас қалдықтарының көлемі 1,3 млрд тонна артып отыр. Тоңазытқыштағы ашыған астың көмейді жаратын иісі сізге ұнаймайтыны белгілі. Қоқыстағы ас қалдықтары бүкіл әлемді улап жатса, не істеуге болады? 

Е. Жұмабайұлы