«Студенттік көктем – 2013» өз мәресіне жетті

«Студенттік көктем – 2013» өз мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Студенттер сарайында өнерлі жастарды қолдау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Студенттік көктем-2013» көркемөнерпаздар байқауының марапаттау рәсімі мен ГАЛА концерті өтті. Байқаудың мақсаты: білімгерлердің шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беру арқылы, оларды тек сапалы маман ғана емес, жан-жақты, рухани дамыған, ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыру.

Фестивальді асыға күткен студенттер, биылғы байқауға ерекше дайындықпен келген.  Өйткені, «Студенттік көктем» фестивалі – жыл сайын университет көлемінде өтетін ауқымды іс-шаралардың бірі ғана емес, студенттердің әсерлі, қызыққа толы ұмытылмас мерекелерінің бірі.

«Студенттік көктем» байқауының Гала-концертіне екі ай бойы іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 14 факультеттің жеңімпаздары қатысты.

Қазылар алқасының құрамында елімізге белгілі өнер жұлдыздары мен мәдениет қайраткерлері болды. Олар: Шәкизада – ҚР мәдениет қайраткері, әнші; Рүстем Нұржігіт – Қазақстан эстрадасының жұлдызы, «KZ» тобының әншісі; Меруерт Түсіпбаева – ҚР мәдениет қайраткері, әнші; Ералхан Әбішев – Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші, продюсер; Бану Тұрғымбаева – хореограф, балетмейстер, ҚР мәдениет қайраткері; Жақсыгелді Маясаров – дәстүрлі әнші, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның оқытушысы, Бақыт Беделхан  – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Меруерт Ақанаева – қобызшы, Мемлекеттік Құрманғазы атындағы оркестрдің бас қобызшысы, Қайрат Жәнібеков – продюсер, композитор.

Жалпы көркемөнерпаздар байқауының бірінші кезеңіне 2000-нан аса студенттің қатысуымен «Жастар рухани орталығында» бірінші іріктеу кезеңі өткізілсе, екінші кезеңге, яғни финалға 700-ге жуық студент жолдама алды. Олардың 70-тен астамы Гала-концертте марапатталды. Екінші, үшінші орын алған жүлдегерлерді университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Ерболқызы Жаманбалаева, ал бірінші орынды университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы марапаттады.

Университет ректоры марапаттау салтанатында: «Біз жүзден жүйрік, мыңннан тұлпар шыққан университетіміздің өнерлі жастарын көріп отырмыз. Байқауға қатысып, жарысқан барлық жастарға нұрлы өмір, жарқын болашақ тілеймін. Өмірде көктемнен көркем мезгіл жоқ. Сіздер қазір өз жастарыңыздың көктемінде жүрсіздер. Бұл дәстүрлі студенттік байқауымыздың көктемде өтуі және байқаудың тақырыбының көктеммен байланысты болуының өзінде терең мағына бар. Сол көктемнің шуағы әрқашан көңілден кетпесін»,-деп шын жүректен шыққан жылы сөзімен бөлісті.

Жеңімпаздар: «Эстрадалық ән», «Дәстүрлі ән», «Халықтық би», «Заманауи би» «Классикалық би», «Музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі», «Авторлық шығармалар байқауы», «Ерекше жанр» т.б. аталымдары бойынша марапатталып, өнерлерін көрсетті.

Өнерлерімен тәнті етіп, байқауда ерекше көзге түскен студенттер өздерімен қоса факульттеріне де жеңіс әкелді. Олар үшінші орында Халықаралық қатынастар және Химия және химиялық технология факультеті, екінші орын Журналистика және Экономика және бизнес жоғары мектебі, бірінші орын Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті иеленсе, гран-приді Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті иеленді. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен қаржы сертификаттары табысталды. Байқауға қатысқан барлық жеңімпаз студенттерге демеушілер тарапынан дипломдар, түрлі сый-сыяпаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.

 Жолдаған: Әйгерім Әлімжан

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Студенттер клубының директоры

сурет: автордікі

А. Құлтай