Бүгін - "Бөбектің" туған күні!

Бүгін - "Бөбектің" туған күні!

Бүгін - Қазақстан тарихында өте ерекше әрі елеулі күн. Бүгінгі күнді мейірім, қамқорлық, шапағат күні деп атасақ, асыра сілтегендік болмас. Өйткені бүгін - сұлу сезімдердің нышанына айналған "Бөбектің" туған күні.

«Бөбек» - қайырымдылық шараларын өткізу және қоғамда балалардың құқығы мен заңды талаптарын қамтамасыз етумен шұғылданатын ұйым. Бүгінде «Бөбек» – республиканың тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге, шет елдерде де мойындалған ең белсенді қайырымдылық қоры. Қордың президенті және ұйымдастырушысы - Сара Алпысқызы Назарбаева.

Ұйым қызметінің басты бағыттары: ана мен баланы қорғау, нәрестелер мен балалар үйлерін қамқорлыққа алу, мектептерді қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету, тұрмыс дәрежесі төмен отбасынан шыққан дарынды балаларға қолдау көрсету, балалар денсаулығын сақтау ісіне жәрдемдесу. 

«Бөбек» қорының алғашқы қайырымдылық акциясы – «Үміт пен шаттық ордасы» атты телемарафон 1992 жылдың қазан айында өткізілсе, 1997 жылы «Бөбек» оқу-сауықтыру орталығы есігін айқара ашты. Ол кезде баланы қорғау проблемаларына ерекше назар бөлу қажет еді. 1995 жылы «Бөбек» қоры «Қазақстан кәсіпкерлерінің науқас сәбилерге көмегі» атты ең ауқымды қайырымдылық акциясын өткізді.

Алғашқы он жылда қор негізінен балалар үйлері мен балалардың денсаулық сақтау мекемелеріне қайырымдылық көмек көрсеткен. Міне, 10 жылдан бері қор жетім студенттер мен аз қамтылған отбасылардың студенттеріне де әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.

Бүгінде С.Назарбаеваның тікелей бастамасымен құрыл­ған көп салалы «Бөбек» ұлт­тық орталығы табысты еңбек етуде. Оның құрылымына «Өзін-өзі тану» балалар бақ­шасы, «Өзін-өзі тану» гимназиясы, «Өзін-өзі тану» гу­манитарлық колледжі, Адам­ның үйлесімді дамуы институты, обсерватория, балаларды сауықтыру қызметі кіреді. 

Сондай-ақ «Бөбек» қоры соңғы жылдары ата-анасы жоқ және тұр­мысы төмен көпбалалы отбасыларынан шыққан балаларға, ата-анасының бірінің қам­қор­лығында қалған бала­ларға қол­дау көрсету мақсатында Сара Ал­пысқызы атындағы білім гран­тын белгілеп отыр. 

Қайырымдылық пен мейірімділікті ту еткен ұйым биылғы жылы өзінің жиырма бір жасын атап өткелі отыр екен. Массагет ұжымы қамқорлық саласында жүрген барша халықты айтулы күнмен құттықтайды. 
Суреттер:timeout.kz,businesswomen.kz,sos-kazakhstan.kz,news.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева