Ғалымдар: Қағаз Қазақстанда жасалған!

Ғалымдар: Қағаз Қазақстанда жасалған!

«Қайнар» университетінің ректоры Еренғайып Омаров қағаз ел ойлап жүргендей Қытайда емес, Қазақстанда жасалған деп жар салуда. Басқа емес, Шу даласында дейді ол.   

Экспресс-К газетінің тілшісіне берген сұхбатында Еренғайып Омаров қағазды қазақ даласында ІІ ғасырда-ақ ойлап тапқан дейді. Ал ең үлкен әрі бай кітапхана египеттік Александрия емес, қазақ даласындағы Отырар қаласында дейді ғалым.

Оның сөзіне сенсек, қағаздың папирус және пергамент қағаздары деген түрлері болады. Папирус Египетте ойлап табылған болса, пергамент Пергам дейтін Түркияның ежелгі қаласында ойлап табылған. Ал қағаз нұсқа Шу даласында екен. Мұның негізгі бір болжамы Шу даласындағы кендір шөп өсімдігі болып отырған көрінеді. Тарихшы сонымен қатар, танымал тарихшы Мурад Аджиді өз сөзіне дәлел етеді. Оның «Ислам негіздері» кітабында Иранның шығыс бөлігі мен Талас өзенінің маңында қағаз жасалған деген дерек бар болып шыққан. Кейінгі сілтеме ибн Бадиске өтеді. Крахмал қосылған сұйық ботқаны ағаш рамаларға тартып кептірген делінген оның трактатында.

Еренғайып Омаров қағаздың Қытайда шығуын тіпті де жалған дейді. Себебі мыңдаған шақырым алыстағы ел Талас маңына жуымайды да екен. Бұдан басқа, тағы да бір тарихи дерек бар болып шыққан. Онда ІІІ ғасырда Бұқар қаласының қағаз дайындаушысы: «Мен қағаз жасаудан шаршадым. Бұл іспен айналысып келе жатқаныма 50 жыл болды. Менің атам да, әкем де осы іспен шұғылданған екен» деп жазыпты.

Тарихшының тағы бір сөзі былай: «Қытайлықтарға көп қағаздың қажеті жоқ. Олар иероглифпен жазады. Бір иероглифпен бір сөйлемді жеткізе алады. Ал олар бізден қағаз өнеркәсібін ұрлап алған. Ежелде Жібек жолының бойындағы қалалардың барлығы да өз өнеркәсіптерімен алмасып отырған».

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: www.gigasoft.pp.ua

А. Құлтай