Астанада Қазақ сайттары редакторларының конференциясы өтеді

Астанада Қазақ сайттары редакторларының конференциясы өтеді

Қазақ интернеті күн өткен сайын құлашын кеңге жаюда. Ерікті топ ұйымдастырып бастаған блогшылар құрылтайы, Астана интернет форумы сынды интернет саласының мамандары, блогшылар жиналып, тәжірибе алмасқан іс-шаралар өз нәтижесін беріп, бүгінде қазақ интернеті күш жинап, аяқтан тұрып келеді. Қазақ тілінде сайттар ашылып, қолданушыға қызықты ақпараттар легін жарыса ұсынуда. Дегенмен, Қазақ интернетінің шешілмеген өзекті мәселелері баршылық. "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясы мен "Абай-ақпарат" қоғамдық қорының мұрындық болуымен 22 қаңтар күні өткелі отырған Қазақ сайттары редакторлары конференциясының басты нысаны да осы болмақ. Төрт бөлімнен тұратын конференцияда Қазақ интернетінің дамуы: ерекшеліктері, өзекті мәселелері, Қазақ сайттарының дизайны және техникалық сүйемелдеуді қолдау, коммерцияландыру, IT саласындағы терминология және қаріп мәселелері, жаңа медиа мен Қазақ интернеті журналистикасындағы мәселелер қарастырылады. Конференция бағдарламасы бойынша, «Нұр Отан» ХДП Хатшысы Ерлан Қарин, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев сөз сөйлейді. Қатысушылар #KZSRK хэштегімен туит-репортаж жүргізетін болады. Baq.kz, Bnews.kz, KazTube.kz ресурстары тікелей онлайн-трансляция ұйымдастырады деп күтілуде.

Massaget.kz өз оқырмандарын конференция барысынан хабардар етіп отыратын болады.  

Өркен Кенжебек, конференцияға қатысушы, "Жақсы" ұлттық порталының үйлестірушісі:

"Бұндай форматтағы жиын алғаш ұйымдастырылып отырғандықтан, Қазақ интернетіндегі бар даудың шешімі табылып кетеді деу қиын. Әдетте алғашқы жиында алдымызда тұрған мәселелерді анықтап, қателерді тізіп, қауіптен сақтандырады емес пе? Сондықтан, өз басым бұл жиыннан белгілі бір піскен шешімді емес, біздің, яки қазақ контентін жасаушылардың атына тағылар сын-ескертпе, ұсыныс-пікірлерді күтіп отырмын. Тағы да қайталап айтамын... Бұл - алғашқы жиынға тән сипат".

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: sup.4paw.ru

М. Оңғарова