Сауалнама: "Менің студенттік жылдарым"

Сауалнама: "Менің студенттік жылдарым"

Студенттер күніне орай әр кәсіптің етегін ұстаған тұлғалар арасында студенттік жылдарды еске алып, сауалнама жүргізген едік.

 

Болатбек Мұхтар, журналист-блоггер:

"Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыдым. Топта староста болдым. Өмір сондай сұрықсыз еді. Сабақты асқан жауапкершілікпен оқысам да, уақытым сол жауапкершілікке ақыры жетпей кететін. Оқытушыларым, обалы не керек, шетінен "стерва" болды. Мен филолог оқытушыларыммен бірге аралық пәндерден берген мұғалімдерімді ұмытқым келмейді. "Өмір қорғау негіздерінен" дәріс берген Жаданова деген апайды (есімі Г-дан келеді)) сұрықсыз күндерге әзіл деген керемет позитивті енгізгені үшін, Айнұр Ораз деген философ апайға мейірімі, сыпайылығы, қалжыңы, ой-өресі үшін құрметтеймін. Студент кезімде менен үлгілі адам болған жоқ. Есімнен кетпейтін сәттер - «Нi-Fi» мен «Тату» топтарының концертіне барғаным"

 

Қалдыбек Жайсаңбай, «Ретро FM» радиосының диджейі, тележүргізуші:

"Мен Қызылордадағы экономика, экология және құқық академиялық университетінің студенті болдым. Сырттай бөлімде білім алдым. Топтың старостасы болып, оқуда белсенділік таныттым. Жоғары математикадан берген оқытушымыздың «любимчигі» болған едім. Студенттік жылдар қызықты күндер мен көңілді сәттермен есте қалды"

 

Шолпан Сіргебаева, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

"Әртіс болуды бала кезден армандаған едім. Мектепті бітірген соң, Консерваторияның актер бөліміне (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Мемлекеттік Өнер академиясы) құжаттарымды тапсырып, сынақтардан өтіп, оқуға түстім. Студенттік жылдар дайындықпен, кәсіби біліктілігімізді арттырумен, тәжірибе алмасып, ізденіспен өтті. Басыма түскен бақтардың бірі – ол менің ұстаздарым. Хадиша Бөкеева, Нұрмұхан Жантөрин сияқты аты аңызға айналған тұлғалардан білім алдым. Бір күніміз екіншісіне ұқсамайтын. Әр кезде әр түрлі. Хадиша апай білім беріп қана қоймай, бізге бағыт-бағдар беріп, өзгелерге дәріс беруге баулыды. Студенттік жылдарда қойылған барлық дерлік қойылымдарда басты рөлдерді сомдап, бой көрсетіп жүрдім"

Фархат Кубиев, «Парасат» тобының әншісі:

"Студенттік өмір - қиындығы мен қызығы қатар жүретін, адамның есте қалар ерекше кезеңі ғой. Жастық шақ таусылмас күш-қайратқа толы, өмірге деген құштарлықтың шарықтау кезеңінің бірі. Мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында вокалдық өнер мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Студенттік шағым белсенді өтіп жатыр деуге болады: консерватория атынан мерекелік шараларға қатысып тұрамын және  «Парасат» тобында әншімін.  Барлығына үлгеруге тырысып бағудамын"

 

Сәкен Нұрқабекұлы, «Алаш айнасы» газетінің тілшісі, журналист-блоггер:

"Керемет студент болдым деп айта алмаймын. Студенттік шағымда көбірек оқуға тырыстым. Бірақ, мен өзімді еркін ұстағанды жақсы көретінмін. Көбіне оқу орын бекітіп берген бағдарлама бойынша емес, өз еркіммен ізденіп жүрдім. Бірақ кейіннен білімнің жүйелі түрде алынғаны дұрыс екенін түсіндім. Әрине өз ізденісім де көп жерде көмек болды. Дегенмен еркін ізденісті оқу орынды тәмамдаған соң да, өмірің аяқталғанша жалғастыра беруге болады екен. Ал ұстаздарыма келсек, ҚазҰУ қашан да болса өзінің кадрлық байлығымен ерекшеленеді ғой. Университетке алғаш келіп жүргенімде (әлі абитурент едім) кезімде маған филолог Анар Салқынбай қатты әсер етті. Ол кезде аға оқытушы еді, қазір профессор. Анар апайымыздың сабақтарынан шыққанда кәдімгідей рухтанып шығатынмын. Бірінші курста бізге сөз өнерінің ұстасы марқұм Зейнолла Қабдолов, қазақ фонетикасының нағыз жанашыры, марқұм Сапархан Мырзабек, әйгілі түркітанушы Алтай Аманжолов, Тұрсынбек Кәкішев, Өмірхан Әбдіманов, Зейнол-Ғабиден Бейсенғали, Жұмат Тілепов, марқұм Бақытжан Майтанов сабақ берді. Жалпы мені шетел әдебиетін жүйелі түрде оқып шығуға түрткі болған Ақбота Абиыр есімді ұстазым бар. Өзі кандидат та емес, профессор да емес жай ғана оқытушы. Сондай-ақ студент кезімде жиі сұхбаттасып, лекцияларын тыңдайтын, өзімнің өмірлік ұстазым ретінде көріп жүрген бір кісі болды. Ол - техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ыбыраев. Жастықтың буы болар, сол кездері оппозициялық көзқарастағы, мемлекеттік жүйеге қарсы пікір айтатындардың бәрін батыр санап, бәрін құрметтейтін кезім еді. Қысқасы, осы ұстаздарымнан алған білім менің өміріме азық болар деген сеніммен келемін"

 

Болатбек Досыбаев, әнші:

"Тараз Мемлекеттік Университетінде оқып, театр актері мамандығын алып шықтым. Студенттік жылдарда небір қызықтарды бастан кешірдік. Этюд қойып, әр түрлі қойылымдарда бой көрсеттік. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына келіп, тәжірибе алмасып жататынбыз. Өнер ордаларындағы спектакльдерге барып, алдымыздағы аға буын ойындарын тамашалайтынбыз. Ұстаздарымыз сабақта қатал болып, үлкен талаптар қойғанменен, дәрістен тыс уақытта әрдайым қолдап, бағыт-бағдар беріп жүрді"

 

Қорлан Картенбаева, жетігенші, әнші-сазгер:

"Студенттік шақ жастық шақтың ең қызық шағы ғой. Тұлға болып қалыптасып, өмірде өз орнынды табуға бағыт беретін, оңын мен солынды қарайлап, болашаққа үмітпен қарап үлкен өмірге бастар ең керемет шақ. Өз басым өнердің киелі қара шаңырағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында оқып білім алдым. Мектептен алған негізгі музыкалық білімімді осы шаңырақта ары қарай жетілдірдім. Қандай студент болғанымды айтар болсам, өзімді мақтаған біртүрлі шығар, шыны керек алғашқы курстан бастап ешбір сабақтан қалмай тек озат оқуға мақсат қойғам. Сол мақсатым орындалып, үздік бітірдім. Кейін магистратураны да озат оқыдым. Оған дейінгі бітірген А. Жұбанов атындағы арнаулы музыка мектеп-интернатын да үздік бітірдім. Әрине бұның бәрі ата-анамның тәрбиесі. Алда жалда төрт не үш алу мен үшін ауыр тигендіктен емтихандарды өте жақсы деген бағаға тапсыру үшін бос уақытымды құрбан еткен күндерім көп болды. Ауру қалса да әдет қалмайды екен. Кейін студенттік шағымда да осы әдетім қалды. Студенттік шақта оқумен қатар, қызметті де қатар алып жүрдім. Гастрольдік сапарлармен ел-жер аралап кетіп жүрсем де, оқуымды ұмытпай, барлығына үлгеріп жататынмын. Ұстаздарым жайлы айтар болсам, мен үшін өнерде ақылшым әрі маған бағыт бағдар беретін ұстазым Нұргүл Жақыпбек. Өнер жолы өте ауыр екен. Сондай кезде демеу беретін ұстазын болса, ол сен үшін ең керемет қолдау шығар. Алғаш қолыма жетіген ұстатып ақ жол тілеген де осы ұстазым. Ол апайға алғысым шексіз"

 

Құбаш Меңдіғалиев, «Алаш Айнасы» газетінің саясат бөлімінің редакторы, журналист:

"Мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының PhD докторантурасында оқимын. Бұл базалық студенттік емес, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алудың сатысы болып саналады. 1999-2005 жылдар аралығында осы қарашаңырақтың тарих, содан соң саясаттану мамандықтарының бакалавры мен магистратурасын тәмамдадым. Менің қызықты студенттік шақтарым осы жылдары өтті десе болады"

 

Ғазиза Ұзақ, «СТВ» арнасының қазақ бөлімінің продюсері:

"Білімімді жетілдіру мақсатында Халықаралық Бизнес Университетінде қаржы мамандығы бойынша магистратурада оқып жатырмын. Дәрістеріміз кешкі уақытта болған соң, күндіз жұмысымды істеп, үй тапсырмаларын орындаймын. Әлі де студенттердің қатарында жүргенім бір түрлі қызық екен. Студенттік билет, кітапхана, дәрістер, сынақтар, тапсырмалар. Ұстаздарымыз ақыл-кеңестерін беріп, өз тәжірибелерімен бөлісіп отырады. Өзіммен бірге оқитын қыз-жігіттердің біразы отбасылы және көбі жұмыс басты болған соң, ұстаздарымыз түсіністікпен қарайды. Бірақ, оқу барысында бізді аяғанменен, емтихан-сынақтарда еркелетіп жатпайды. Алдыңғы оқуымда студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын аса сезінген жоқпын. Себебі, ол кезде қызықтар мен көңілді сәттерге қол көп тие бермейтін. Ал магистратурада барлығына үлгеріп, сол олқылықтардың орнын толтырып жатқандаймын"

Сауалнаманы жүргізген: massaget.kz

Суреттер жеке мұрағат пен restoran.ua сайтынан алынған

Ғ. Ұзақ