Кім ҚР Президенті бола алады?

Кім ҚР Президенті бола алады?
Фото: akorda.kz

2019 жылы 19 наурызда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқанын мәлімдеді. Ал 20 наурыз күні Қазақстан Парламенті Сенатының 6-шы Төрағасы Қасым-Жомар Тоқаев халыққа ант беріп, Қазақстанның екінші президенті болды.

Алдымен ҚР Президенті кім деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Президент лауазымының анықтамасы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Ата заңымыздың III бөлімінде көрсетілген. Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға (ҚР Конституциясы, III бөлім, 40-бап, 1-тармақ). Оның міндеттері мынадай:

- Халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.

- Мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

©azattyk.org

ҚР Президенттiгiне үміткер кандидатқа қойылатын талаптар

1. Үміткер тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, соңғы он бес жыл бойы Қазақстанда тұруы қажет. Сондай-ақ жоғары білімі болуы керек (ҚР Конституциясы, III бөлім, 41-бап, 2-тармақ). Оған қоса, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуы міндетті.

2. Президенттiкке кандидатқа Конституцияда және осы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға оның сәйкестiгiн Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшірме кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде анықтайды.

Президенттiкке кандидат Орталық сайлау комиссиясының шотына заңнамада белгіленген ең төмен жалақының елу еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат Республика Президенті болып сайланса немесе дауыс беру қорытындысы бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын алса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда, енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрінде енгізілген жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне алынады.

Бұл ретте Президенттiкке кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл тұрып жатқандығын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды, ал кандидаттың мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгергенiн анықтау рәсімі Республика Конституциялық Кеңесінің Конституцияның 41-бабының 2-тармағын ресми түсiндiру туралы шешіміне сәйкес Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен айқындалады.

Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі кандидатурасы өкілеттіктердің келесі мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген Республика Президентіне қолданылмайды (ҚР Сайлау туралы заң, 54-бап, 2-тармақ).

©akorda.kz

ҚР Президентін кезектен тыс сайлауы

Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңына сәйкес Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап екі ай ішінде өткізіледі (ҚР Сайлау туралы заң, 51-1-бап, 1-тармақ). Президенттің кезектен тыс сайлауы Конституциялық заңда Президенттің кезекті сайлауы үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды (ҚР Сайлау туралы заң, 66-1-бап).

Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі. Егер кандидаттардың бірде-бірі көрсетілген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екі кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі (ҚР Конституциясы, III бөлім, 41-бап, 5-тармақ).

©sputniknews.kz

Ант беру

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін", - деп халыққа ант берген сәттен бастап Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріседі.

Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенттерінің бәрінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді (ҚР Конституциясы, III бөлім, 42-бап).

©azattyk.org

Дереккөз: adilet.zan.kz

Cуреттер: akorda.kzazattyq.orgsputniknews.kz сайттарынан алынды*

А. Рысдәулет