Археологтар Алматының орташа жасын есептеп шығарды

Археологтар Алматының орташа жасын есептеп шығарды

Қазақстандық археологтар Алматы қаласының жасы 1000 жылдан асатынына тағы да бір дәлел тапты, деп хабарлайды Хабар агенттігі.

Қала шекарасына жақын Алмарасан қалашығын қазып, зерттеу барысында ғалымдар нақты жасалған қала массивін тапқан. Оның ішінде бірнеше тұрғын үй жақсы күйде сақталған екен. Солардың ішінде біреуін қалпына келтірудің сәті түскен.  

Қазу жұмыстары топырақтың төменгі қабатында жүргізілген. Ғалымдар бұл қалашықты б.з.д 3 ғасырға, яғни үйсіндер дәуіріне жатқызып отыр. Зерттеу жұмыстары барысында қаладан бірнеше жер жырту құралдары табылған екен. Бұл жергілікті тұрғындар егін шаруашылығымен айналысқан деген сөз. Сонымен бірге бірнеше сынықтарды жинау барысында толық бір ыдыс құрастырылып шыққан. Ғылыми қызметкер Руслан Шербаевтың айтуы бойынша, ыдыстан бірнеше ою түрлерін тапқан. Ол арқылы ыдыстың жасын, қай жылы жасалғанын және қай тайпа қолданғанын анықтауға болады екен.

Алматы қаласы тарихи мұражайының директоры Айбек Сыдықов осы жәйттерге байланысты: "Қала тарихы үшін бұл жаңалық өте маңызды. Себебі қазір археологтар мен шығыстанушылар арасында осы мәселеге байланысты үлкен тартыс бар. Ал осы жаңалық қала тарихы 1000 жылдан асатынын дәлелдейді" деді.

Естеріңізге сала кетсек, жақында 13 ғасырға жататын "Алматы" деген жазуы бар бірнеше тиын табылған еді. Бұл жәдігер оңтүстік астанамыздың шынында да ежелгі қала екеніне дәлел бола білді. 

Алмарасандағы қазба жұмыстары алдағы жылы да жалғасын табатын болды. "Келесі жылға да әкімдік тарапынан қаржы бөлінді. Қалған жұмыстарды келесі 2013 жылға қалдырып отырмыз. Болашақта бұл жерді туристік орынға айналдыруды көздеп отырмыз" деді Алматы қаласының мәдениет басқармасының бас маманы Данияр Әлиев.  

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: google.com

Б. Қосмағамбет