Киімнің ажарын ашқан рауағаш гүлі

Киімнің ажарын ашқан рауағаш гүлі
Фото: qamshy.kz

Рауағаш гүлі – гүлдің аты, дала гүліне жатады. Қазақ гүл бапкерлері рауғаш гүлін қарақұмықтар гүлінің гүлдес және жемістес туысы түрінде таниды. Көпжылдық гүлді және жемісті шөптектес өсімдік деп біледі. Әсемдік және дәрілік жақтан жер шарындағы құнды, бағалы гүлдер санатында.

Рауағаш гүлінің биіктігі 30-100 сантиметр шамасында болады. жуан тамырының сырты күрек тісті, іші сары түсті келеді. Жалғыз сабағының ойық сызықтары болады. Түп жағындағы ұзын сағақты жапырақтары кезектесіп орналасады. Дөңгелек жапырағының жиегі кетік болады. Жапырақ тұғыры қоңыр түсті қабық тәрізді, сабағын орай өседі. Шашау гүл шоғыры басында өседі. Тұқымша жемісі домалақ қанатты, шеті қызыл гүл түсті келеді.

Тұқымы үш қырлы, рауағаш гүлі тамыз, қыркүйек айларында гүлдейді. Гүл жарған кезі ажарының толған кезі, дәрі болған кезі. Рауағаш гүлінің жер шарында 2000-ға жуық түрі бар. Олар ұлы қарағайлы, самырсынды тауларда, терек шатқалды сайларда, қоңыржай жерлерде өседі. Қазақ шипагерлері рауағаш гүлінің тамыры және сабағы дәрі болады деп қарайды. Күзде жер үсті бөлімі қурағанда қазып алады. Сыртқы божыр қабығын алып тастап, шикі күйде не арақ қосып қуырып пайдаланады, дәрі жасайды. Бұл гүлден жасалған дәрілердің қасиеті – кермек дәмді, суық райлы, усыз болады. Ыстықты басады, үлкен дәретті келтіреді, іш қатқанды жұмсартады, ісікті қайтарады, қанталауды таратады, іріңді ісіктерді жазады. Соқырішек жедел қабынуына, ішек қабынуға, іш өтуге, қан түкіруге, мұрыннан қан ағуға, күйікке, қайнақ суға күюге ем болады. Қазақтар қойдың етін асқанда рауағаштың тамырын қосып қайнатады, сосын сорпасын ішеді. Сорпасы қызғылт түсті тосап дәрі болады. Қазақ рауағашты «сары ағаш» деп те атайды. Бұрынғы қазақ аналары оның сары түсті әдемі бояуымен терімен тігілген тон-шалбарларды бояған. Киімге әсем де әдемі түс беріп, киім ажарын арттырған.

Дереккөз: qamshy.kz

Г. Берік